Accessibility links

Ақ үй: Солтүстік Корея "Вагнерге" ракеталарын берді


Сириядағы "Вагнер" жеке әскери тобының мүшелері.
Сириядағы "Вагнер" жеке әскери тобының мүшелері.

Солтүстік Корея ресейлік "Вагнер" жеке әскери тобына Украинадағы позициясын нығайту үшін қару-жарақ берді. Бұл жөнінде АҚШ ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңес өкілі Джон Кирбиге сүйенген Reuters агенттігі хабарлады. Мәселе ракеталар және әуе шабуылынан қорғайтын кешендер туралы болып отыр.

Ақ үйдің мәліметінше, Украинаның әскери қимылдар жүріп жатқан аумағында қазіргі кезде "Вагнер" жеке әскери тобының шамамен 50 мың жалдамалы мүшесі бар. Шамамен 40 мыңы – соғысқа тартылған ресейлік тұтқындар.

Кирбидің пікірінше, дегенмен Солтүстік Кореяның оларға берген қаруы соғыс динамикасына әсер етпейді. Ол жуырда "Вагнер" мен онымен әріптестік орнатқан компанияларға санкция салынатынын айтты.

"Вагнер" жеке әскери тобын құрушы әрі оның демеушісі Евгений Пригожин Солтүстік Кореяның қару жеткізгені жайлы ақпаратты "сыбыс әрі спекуляция" деп атады.

Бұған дейін Ақ үй Пхеньянның Ресейге жасырын түрде артиллериялық снарядтар жеткізіп жатқанын хабарлаған. Солтүстік Корея мұны жоққа шығарған.

23 желтоқсанда Солтүстік Корея СІМ Ресейге қару-жарақ бергенін терістеп, ақпаратты "сандырақ" деп атады.

Оңтүстік Корея билігі бұл мәселе бойынша Вашингтонмен байланыста екенін айтып, мәселені БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне талқылауға шығаруды қолдады. Бұған дейін БҰҰ қабылдаған резолюция Солтүстік Кореяға қару-жарақ сатуға тыйым салады.

  • "Вагнер" жеке әскери тобы – қағаз жүзінде Ресей әскери ведомствосына қарамайтын, заңды тұлғалар реестрінде жоқ бейресми қарулы топ. Бірақ оның мүшелері Украина және өзге елдердегі соғысқа қатысқан. Ұйым жалдамалылары көптеген әскери қылмыстарға қатысы бар деген күдікке ілінген.
  • Биыл көктемде Ресей армиясы Украина территориясында бірнеше рет жеңіліске ұшыраған соң "Вагнер" Ресей түрмелеріндегі тұтқындарды соғысқа тартып, Украинаға жібере бастаған. Соғысқа тартумен Владимир Путинге жақын кәсіпкер, "Вагнерді" құрушылардың бірі Евгений Пригожиннің өзі айналысқан. Ол елдегі ондаған түрмені аралап, тұтқындарды соғысқа үгіттеген. Пригожин "Вагнерді" құрғанын биыл қыркүйекте ғана мойындаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG