Accessibility links

Bloomberg: Қытайда бір күнде 37 млн адамға коронавирус жұққан


20 желтоқсанда Қытайда 37 млн адамға коронавирус жұққан. Бұл жөнінде денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық комиссияның жабық отырысында айтылған мәліметтерге сүйенген Bloomberg жазды.

Желтоқсанның алғашқы 20 күні 248 млн адам яғни, халықтың 18 пайызына коронавирус жұққан. Отырыс хаттамасында вирустан қанша адамның қаза болғаны жазылмаған.

Bloomberg'тің жазуынша, вирустың тез тарауы Қытай билігінің карантин шектеулерін азайтуымен байланысты болуы мүмкін. Бұл иммунитеті төмен халық арасында коронавирустың "омикрон" түрінің жаппай тарауына түрткі болған. Ақпаратқа қарағанда, Пекин және Сычуань тұрғындарының жартысынан астамына коронавирус жұққан.

Bloomberg материалынан кейін Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин елдегі коронавирус ахуалы "бақылауда" екенін мәлімдеді.

"Вакцинация деңгейі артып, үздіксіз емделу мүмкіндіктері өсіп жатыр, медициналық тауарларды өндіру қуаты кеңейді. Ал жалпы қор сұранысты тұтас өтейді" деді дипломат.

  • Қытай билігі жаппай наразылықтан кейін коронавирус шектеулерін жұмсарта бастаған. 7 желтоқсаннан бастап елде коронавирусты жұқтыру қаупі төмен жұмыс орындарында істейтін азаматтар тест тапсыру міндетінен босатылды. Қытайдың өз ішінде сапарлаған азаматтардан немесе қоғамдық орынға кіру үшін вакцинация сертификаты талап етілмейтін болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG