Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы Ресей армиясының шынайы жағдайынан хабарсыз. Себебі оның айналасындағылар және күштік құрылымдар одан "жағымсыз" жайттарды жасырады, деп жазды америкалық Wall Street Journal басылымы.
Ресей мен Батыстағы қазіргі және отставкаға кеткен лауазымды тұлғалармен бірнеше ай бойы сөйлескен журналистер осындай қорытындыға келген. Олар Кремльге жақын адамдармен де тілдескен.
WSJ дереккөздерінің хабарлауынша, Путинге күн сайын таңертең соғыс жайлы хабарлама жеткізіледі, алайда онда үнемі жетістіктерге басымдық беріледі. Ал жаман хабарлардың "тігісі жатқызылып" жұмсартылып жеткізіледі. Кей кезде жаман хабар бірнеше күнге кешіктіріліп беріледі. Себебі ол президентке берілмей тұрып, ФСБ, Қауіпсіздік қызметінің "сүзгісінен" өтеді.
WSJ жазуынша, кейінгі уақытта Путин соғыстағы шынайы ахуалға қызығушылық таныта бастаған, алайда оны бұрынғыша "адам және экономикалық шығындарға қарамастан Ресей жеңеді деген тұжырымды қуаттайтын әкімшілік" қоршап отыр.
"Ресейдің бұрынғы шенеуніктері мен Кремльге жақын адамдардың сөзіне қарағанда, Путин Украинаның "сазайын тартуға" бел байлаған және сол үшін халықты жылдар бойы мобилизациялауға дайын" деп жазды басылым.
Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Путин соғыстағы шынайы жағдайдан хабарсыз" деген тұжырым туралы басылымға берген түсінікемесінде оны "еріккендердің долбары" деп атады.
"Оған ақпараттар бұрмаланып жеткізіледі деген тұжырым шындыққа сәйкес келмейді" деді ол.