Әлемдегі ең лас қалалар тізімінің басында Бішкек тұр. Бұл туралы Air Quality интернет-сервисі 25 желтоқсанда хабарлады.
Бішкектегі ауа сапасының индексі 255 бірлік болған. Нормативте 50 баллға дейінгі көрсеткіш – ауа тазалығының, 300-ден жоғары көрсеткіш – ауаның өте ластығын білдіреді.
Бішкек 11 желтоқсанда да AirQuality интернет-сервисі жасаған тізімінің басында тұрған. Осыдан кейін қырғыз парламенті мен министрлер кабинеті Бішкек экологиясын талқылаған. Халықаралық даму бойынша (USAID) АҚШ агенттігі Бішкектегі ауа сапасы мен экологияны жақсарту мақсатында арнайы жоба дайындағаны хабарланды.
Қыс түскенде Бішкек ауасының күрт ластанатыны бұған дейін де байқалған. Жыл басында табиғи ресурстар, экология мен техникалық бақылау министрі Динара Құтманова Бішкектің 2016 жылдан бері әлемдегі ең лас 10 қаланың қатарында келе жатқанын атап өткен.
Фин метеорологиялық институтының жақында жүргізген зерттеулері Бішкек ауасын ластайтын негізгі фактор - тұрғын үйлерді жылыту үшін жағылатын көмір екенін көрсеткен.
Ауасы лас қалалардың алғашқы бестігіне Дака (Бангладеш), Карачи мен Лахор (екеуі де Пәкістан) және Дели (Үндістан) кіреді. Ташкент 15-орында, Астана 32-орында тұр.
ПІКІРЛЕР