Accessibility links

Өзбекстандағы жемқорлыққа Мирзияевтің күйеу балаларының қатысы бар деген блогерді Ташкентте ұрып кеткен


Блогер Әбдіқадыр Муминов
Блогер Әбдіқадыр Муминов

Youtube-арнасында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиявті қатаң сынаған журналист әрі блогер Әбдіқадыр Муминов өткен жұманың кешінде қастандық жасалғанын мәлімдеген. Муминов тікелей эфирге шыққанда қолы мен бетінен жарақат іздері көрінген. Ташкент қаласының полициясы оқиға болған жерден бес адамның саусақ ізі мен бейсбол таяғы табылғанын, "қарақшылық" бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

Бұрын Әбдіқадыр Муминов Өзбекстандағы жемқорлық қатаң сынап, оған президент отбасының, күйеу балаларының қатысы бар екенін айтқан еді.

23 желтоқсанда түнде тікелей эфирге шыққан Әбдіқадыр Муминов үйінің жанында қара маска киген бірнеше адам ұрып кеткенін мәлімдеген.

"Қара маска таққан бірнеше адам үйімнің жанында жаңа ғана жабылып ұрып кетті. Көлігімнің терезесін сындырды. Олар мені өлтіргісі келді, бірақ қашып құтылдым. Қателеспесем, барлығы бес адам. Сірә, Өзбекстанда "көше заңы" басталса керек", – дейді Әбдіқадыр Муминов.

Журналистің мәлімдемесі әлеуметтік желіде жылдам тараған.

Муминов пен оның әріптестері блогердің терезесі сынған көлігі көшеде қараусыз қалғанын, құқық қорғау органдарының қызметкерлері блогердің рұқсатынсыз көлікті ашып, ішінде жатқан бейсбол таяғын заттай айғақ ретінде алып кеткенін айтқан.

Муминовтің сөзінше, полиция әкеткен көлік камерасының флешкасында журналисті ұрғандардың сөздері мен түрлері жазылып қалған.

24 желтоқсанда Ташкент қаласының полициясы Әбдіқадыр Муминовтің ісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Танымал блогерге шабуыл жасалғаны өзбек әлеуметтік желісінде қызу талқыға түскен.

Өзбекстанның белгілі журналистері мен белсенділері блогерге жасалған шабуылды "өзбек қоғамының ар-ожданына жасалған шабуыл" деп бағалап, биліктен тез арада құқықтық баға беруді талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG