Accessibility links

Санкт-Петербургте ТМД елдері басшылары кездесті, жиынға Тоқаев та қатысты


Санкт-Петербургтегі бейресми саммиттің қатысушылары. 27 желтоқсан 2022 жыл
Санкт-Петербургтегі бейресми саммиттің қатысушылары. 27 желтоқсан 2022 жыл

ТМД елдері басшылары 27 желтоқсанда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында бас қосты. Жиынға Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Әзербайжан президенті Илхам Әлиев, Беларусьтің авторитар билеушісі Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Ресей президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзяев қатысты.

Олардың әрқайсысына сыйға сақина тарту етілген. Бұл туралы Лукашенконың баспасөз қызметіне жақын "Пул Первого" телеграм-арнасы хабарлады.

"Фонтанка" басылымы сақинада ТМД белгісі, ал ішкі жағында "Жаңа жыл құтты болсын 2023" ("С Новым годом 2023") деген жазу бар дейді.

ТМД елдері басшыларының бейресми саммиті желтоқсанның 26-27 күндері өтті. Алғашқы күні Владимир Путин, ТМД елдері арасында түсініспеушілік болып тұратынын, бірақ "олардың әрдайым ынтымақтастыққа дайын" екендігі маңыздырақ деп мәлімдеген. Сейсенбіде Орыс мұражайында таңғы ас берілген. Путин мен Лукашенко сол жерде келіссөз жүргізген.

Лукашенко осының алдында Путинмен көптеген мәселелерді талқылағанын айтқан. "Минск диалогын әрі қарай жалғастырамыз, өйткені ол негізінен экономикаға қатысты болған" деген Лукашенко.

Путин мен Лукашенко өткен аптада Минскіде кездескен. Ресей армиясы 24 ақпанда Украинаға басып кіргелі бері Путин алғаш рет Минскіге барды.

Лукашенко режимі Мәскеудің маңызды одақтасы саналады. Ақпанда Ресей әскері Киевке Беларусь жерінен кірген. Бірақ, Беларусь әскері соғысқа тікелей қатысқан жоқ. Наурызда Ресей әскері Киев маңынан және Черниговтан шегінгеннен кейін Беларусь аумағынан шабуыл жасалған жоқ.

Ресей Украинаға басқыншылық соғыс ашқаннан кейін Батыс мемлекеттері Ресей билігі мен бірнеше компанияға, тіпті Лукашенконың жанындағыларға да қарсы санкция қабылдаған.

Путин жуырда "өз ұлттық мүддесін қорғаған Ресей Украинаға қатысты дұрыс жолда" деп мәлімдеген.

Киевті қолдайтын АҚШ пен өзге де мемлекеттер Ресейді айыптайды. Бірнеше елдің парламенті Ресейді терроризм мен террор режимнің демеушісі деп жариялаған, мұндай қарарды Еуропарламент те мақұлдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG