2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Германияға "Достық" мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдай бастайтын Қазақстан ресейлік "Транснефть" компаниясына өтініш жіберген. Бұл жөнінде қазақстандық "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына сүйенген "Информбюро" сайты жазды.
Ақпаратқа қарағанда, қазақстандық мұнай әуелі "Атырау – Самара" құбыры арқылы жүріп, кейін "Достық" арқылы Еуропаға жол тартады. Ол үшін ресейлік "Транснефть" магистралды құбырының операторынан рұқсат сұрау керек, себебі тасымалдау Ресей аумағы арқылы өтеді.
"Қазіргі кезде Ресей жағы Қазақстан мұнайын Германияға "Дружба" құбыры арқылы тасымалдауды келісу мәселесін қарап жатыр. Тиісті өтінішті Қазақстан жағы жіберген" деп жазылған басылымға жіберген ресми жауапта.
Бұрын "Транснефть" Қазақстан жағынан өтініш түспегенін айтқан.
Қазір күрделі геосаяси жағдайға байланысты Еуропа Ресей мұнайын қазақстандық шикізатпен алмастыруға тырысып жатыр. ҚМГ хабарлауынша, Қазақстан бұрын-соңды Германияға мұнай тасымалдап көрмеген.
"Германия үкіметі Қазақстан жағына "Достық" құбыры арқылы Германияның мұнай өңдеу зауыттарына мұнай жеткізу туралы өтінішпен қайырылған. Қазіргі кезде 2023 жылдың қаңтарынан бастап ("Атырау – Самара" және "Достық" құбыры арқылы) мұнайдың алғашқы партиясын жеткізу мәселесі қаралып жатыр" деді ұлттық компания өкілдері.
ҚМГ өкілдері Ресей өз аумағы арқылы Қазақстан мұнайын экспорттауға "мүдделі" деп сендіруге тырысты.
"Мұнай тасымалдау саласы бойынша Қазақстанның стратегиялық әріптесі Ресей Қазақстан мұнайын тасымалдауды қолдауға және көлемін арттыруға мүдделі" деді олар.
Өткен аптада ҚМГ басшысы Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан 2023 жылдың қаңтарынан бастап мұнайын Германияға тасымалдап көреді деп мәлімдеген.
20 желтоқсанда "Қазмұнайгаз" басшылары Германияның экономика және климатты қорғау істері жөніндегі министрлігі өкілі Михаэль Кельнер және Бундестаг депутаты Кристиан Геркемен онлайн жәгне офлайн кездесіп, Қазақстан мұнайын немістің Шведт қаласына жеткізу мәселесін талқылаған.
ҚМГ басшысы Қазақстан мұнайын аталған құбыр арқылы Германияға тасымалдау мүмкіндігін растағанмен келісімшарт және техникалық мәселелерді шешу қажеттігін алға тартқан.