Accessibility links

Бас прокуратураның бұрынғы қызметкері "Тоқаевтың ұсынысымен" омбудсмен болып тағайындалды


Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.

Артур Ластаев Адам құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалды. Оның кандидатурасын президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынып, сенат депутаттары қолдады.

39 жастағы Артур Ластаев биыл қараша және желтоқсанда бас прокуратураның халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы қызметін атқарған. 2018 жылдың шілдесінен бастап бас прокуратураның Еуропадағы өкілі – Қазақстанның Швейцариядағы елшісінің кеңесшісі болған. 2016 жылы қаңтарда бас прокуратура өкілі - Қазақстанның БҰҰ бөлімшесі жанындағы тұрақты өкілдігінің кеңесшісі болған.

Артур Ластаев құқық қорғау саласындағы карьерасын 2006 жылы Алматының Бостандық аудандық прокурорының көмекшісі ретінде бастаған.

Ластаев шамамен екі жыл омбудсмен болған Эльвира Әзімованы алмастырды. Әзімова бүгін конституциялық сот төрағасы болып тағайындалды. Ол 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметіне кіріседі.

Қазақстанда биыл омбудсменнің өкілетін кеңейтетін және аймақтардан өкілдігін ашуға мүмкіндік беретін заң қабылданған. Заңға сәйкес, омбудсмен конституциялық сотқа адам құқығы және еркіндігі бойынша нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі мәселелері бойынша жүгіне алады. Сонымен бірге мемлекеттік органдар, мекемелер мен азаматтар арасындағы дауларды реттеу бойынша қоғамдық диалогтарға қатыса алады.

Заң бойынша, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мемлекеттік органдарға есеп бермейтін тәуелсіз орган болуы тиіс. Оны куәгері ретінде тергеуге болмайды.

Бұған дейін құқық қорғаушылар Астананы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілетіне қатысты түзетулерді жетілдіруге шақырған. Олар омбудсменді сайлау мен оның өкілетін тоқтату тәртібін жетілдіруді, тиіспеушілік мәртебесін оның орынбасарлары мен қызметкерлеріне де беруді ұсынған. Ресми ақпарат бойынша, заң жобасында Еуропа комиссиясының сессиясында берілген рекомендациялардың 50 пайызы ескерілген.

Құжатқа сәйкес, Қазақстанның 17 аймағында адам құқықтары жөніндегі өкілдік ашылған. Оған 2,4 млрд теңге бөлінген.

XS
SM
MD
LG