Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ресейлік журналист Леонид Млечиннің Қаңтар туралы жуырда жариялаған кітабына қатысты пікірін айтты. 30 желтоқсанда мәжіліс қабырғасында журналистерге берген сұхбатында кітапты оқып шыққанын, елде "құпия" ретінде танылған істер бойынша кейбір жайттардың кітапта баяндалғанына "таңданды".
"Ресейлік журналистің біздің өзімізге - қазақстандықтарға, тіпті парламент депутаттарына белгісіз нәрселер туралы кітап жариялауы біртүрлі. Бұл белгілі бір сұрақтарды туындатады" деді Перуашев.
Ол соған қарағанда қазақстандық "тергеушілер біраз ақпарат берген сияқты" деген күдігі барын жеткізді.
Өткен аптада ресейлік журналист әрі жазушы Леонид Млечин Мәскеуде "Қаңтар қасіреті. Президент Тоқаев және сабақ алу" ("Трагический январь. Президент Токаев и извлечение уроков") атты кітабын көпшілікке таныстырған. Автор оқиға куәлерімен, Қаңтар оқиғасына қатысқан адамдармен сөйлесіп, тиісті құжаттарды қарап шыққанын айтады.
Ізінше қазақстандық ақпарат агенттіктері кітаптан алынған сөздерді жарыса жариялады. Онда президенттің тыныштық сақтауға күш салғаны, сын сағатында Тоқаевтың елден қашпай, жаппай тәртіпсіздікті басуға басшылық еткені жазылған.
Кітапта сонымен бірге экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы да айтылып, бұрынғы президенттің билікті қайтарып алмақ болғаны жайлы жазған.
Журналист қазір қамауда отырған, Қаңтар оқиғасына дейін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Кәрім Мәсімовке "Тоқаевты орнынан алып тастасаң, қолында шексіз құзыреті бар премьер-министр боласың" деген ұсыныс жасалған деп топшылайды.
Қазақстандық кей сарапшылар кітаптың мазмұны Ақорданың Қаңтар оқиғасы туралы ресми ақпаратына сай келетін тәрізді, Қаңтар оқиғасын президенттің легитимдігін арттыратын сипатта баяндау үшін жазылған болса керек деп топшылаған.
Тоқаевты мадақтайтын кітап кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасының бір жылдығы қарсаңында таныстырылды. Бұған дейін кітап Қазақстанда 24 желтоқсанда таныстырылады деп айтылғанмен "автордың денсаулығына байланысты" қаңтарға ауыстырылған.