Accessibility links

Ақтөбеде екі күн бұрын жоғалған баланың сүйегі табылды. Полиция оған "күш көрсеткен" күдікті ұсталғанын хабарлады


Төрт жасар баланың кісі қолынан мерт болуы Ақтөбені дүр сілкіндірді. Жұма күні қала халқы Данилге біраз уақыт пана болған "Үміт"" жетімдер үйіне ойыншықтар мен тәтті әкелді. Ақтөбе, 30 желтоқсан 2022 жыл. Сурет авторы Катерина Голотина.
Төрт жасар баланың кісі қолынан мерт болуы Ақтөбені дүр сілкіндірді. Жұма күні қала халқы Данилге біраз уақыт пана болған "Үміт"" жетімдер үйіне ойыншықтар мен тәтті әкелді. Ақтөбе, 30 желтоқсан 2022 жыл. Сурет авторы Катерина Голотина.

Ақтөбеде осыдан екі күн бұрын жоғалып кеткен 4 жасар Данил Ахуновтың сүйегі табылды. "Бала кісі қолынан өлген, күдікті ұсталды" деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаменті 30 желтоқсанда.

Бұл оқиға бойынша полиция "Адам өлтіру" бабымен (Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлімі) сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Бірақ тергеу құпиясына сілтеп, күдіктінің кім екенін жарияламай отыр.

Сенімді ақпарат көзінің хабарлауынша, күдікті ретінде баланың әкесі 1982 жылы туған жұмыссыз ақтөбелік ұсталған. Төрт жасар Данилдің өзі тұратын көп қабатты үйдің алдынан жоғалып кеткенін полицияға 28 желтоқсан күні сағат 9:35-те әкесі хабарлаған.

Zello.Poisk Aktobe тобының елу еріктісі мен қала тұрғындары, жалпы саны жүзден астам адам Данил Ахуновты екі тәулік бойы іздеген. Баланың сүйегі бүгін яғни, 30 желтоқсан күні қала шетіндегі шұңқырдан табылған. Еріктілердің жетекшісі Катерина Голотина "біз Данилды жетімдер үйінде жүрген кезінен білетінбіз" дейді.

- Шешесі аналық құқығынан айырылғаннан кейін Данил аға-әпкесімен бірге "Үміт" жетімдер үйінде болды. Ол кезде Данил бақытты еді... Соңғы бір жыл көлемінде балалар әкесіне қайтарылды. Әкесі мұқтаж отбасы екенін айтып, көмек сұрағандықтан еріктілер тобы Ахуновтар отбасына жиі барып тұратынбыз. Өзіміз аңғарған кейбір жайттарды құзырлы органдарға хабарлап та жүрдік. Бірақ енді тым кеш... - деді Азаттыққа өзінде бар ақпаратты толық жариялай алмайтынын айтқан Катерина Голотина.

Күдіктінің баланы өлтіру себебі хабарланбады. Кей ақпаратқа қарағанда ер адам оны "ұрып өлтірген". Полиция бұл жөнінде түсініктеме бермеді.

Төрт жасар Данилдің кісі қолынан мерт болуы Ақтөбені дүр сілкіндірді. Бүгін қала халқы Данилге біраз уақыт пана болған "Үміт" жетімдер үйіне ойыншықтар мен тәтті апарып жатыр.

Ақтөбе полициясының мәліметінше, биылдыққа облыста 132 бала жоғалып, Данил Ахуновтан өзгелері аман-есен отбасына қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG