Accessibility links

Қазақстан 2023 жылы 90 млн тонна мұнай өндіріп, оның 71 млн тоннасын экспорттамақ


Маңғыстау облысындағы мұнай кен орны.
Маңғыстау облысындағы мұнай кен орны.

Қазақстан 2023 жылы 90,5 млн тонна мұнай өндіріп, оның 71 млн тоннасын экспортқа шығармақ. Бұл туралы энергетика министрі Болат Ақшолақов 30 желтоқсандағы брифингте Азаттық тілшісінің сұрағына жауап бергенде айтты.

Министрдің сөзінше, 2022 жылы Қазақстан 84 млн тонна мұнай өндіріп, оның 64,8 млн тоннасын экспорттаған. Биыл Каспий құбыр желісі консорциумындағы ақауға байланысты Қазақстанның экспорт мөлшері былтырмен салыстырғанда 4 пайызға төмендеген.

Министр үкімет алдында экспорттау жолын әртараптандыру үшін Ақтау порты арқылы мұнайды Әзербайжанға тасу тапсырмасы барын айтты.

– 2023 жылы қаңтарда осы бағытты тексеріп көру үшін 1,5 мллион тонна мұнай тасу жоспарда бар. Ақтаудағы порттың инфраструктурасы 5,5 млн тонна тасуға мүмкіндігі бар. Ал қосымша кедергілерді (кедендік тексерулер, басқа да тексерістер) алып тастаса, 7,5 млн тоннаға дейін тасымалдауға болады, - деді Ақшолақов.

Дегенмен министрдің сөзінше, Қазақстан мұнайын экспорттаудың негізгі жолы Ресей аумағынан өтетін Каспий құбыр желісі консорциумы болмақ. Астана "Каспий құбыр желісі консорциумына санкция салынбайды және Қазақстан мұнайын Қара теңіздегі порттарға жеткізуге кедергі болмайды" деп үміттенеді.

Қазақстан Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында өндірілген мұнайдың 80 пайызын Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы тасымалдайды. Бұл құбырда бірнеше рет ақау болған соң Қазақстан билігі мұнай тасымалдайтын басқа жол іздестіру жайлы айта бастаған. Қарашаның басында Астана 2023 жылдан бастап 1,5 млн тонна мұнайды Баку — Тбилиси — Джейхан құбырымен тасымалдайтынын мәлімдеген.

Бұған қоса, Қазақстан Ресей арқылы өтетін Атырау-Самара мұнай тасымалдау жолы арқылы Германияға мұнай жіберуді жоспарлайды. Қазір бұл тасымал бойынша Қазақстан Ресеймен келісім жүргізіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG