Accessibility links

Қазақстан соғыстан қашқан ресейлік майор Жилинді еліне экстрадициялады


Михаил Жилин әйелі Екатерина Жилинамен.
Михаил Жилин әйелі Екатерина Жилинамен.

Кремль мобилизация жариялаған соң Қазақстанға қашқан Ресей федералдық күзет қызметінің майоры Михаил Жилин еліне экстрадицияланды. Қазір оны Ресейдің Алтай аймағындағы Веселоярск өткізу пунктіне алып барады. Бұл жөнінде Азаттықтың Сибирь.Реалии жобасына оның әйелі Екатерина айтқан.

Жилинді Ресейге қайтару туралы шешім шыққанын Екатерина Жилина мен Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюро кеше айтқан еді.

— Астанадан Семейге алып кетті. Бір жарым сағат бұрын ол маған хабарласып, Семейде екенін, шекараға әкететінін айтты, — деді Екатерина Азаттыққа 29 желтоқсан кешкісін.

Бұған дейін Абай облысы Бесқарағай ауданының соты Жилинді депортациялау туралы шешім шығарған. 28 желтоқсанда Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі соты оның апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюро директоры Евгений Жовтис Азаттыққа Жилинді депортациялап жатқанын растады. Құқық қорғаушы Қазақстан Жилинді Ресейге қайтару арқылы босқын статусы конвенциясын бұзды дейді.

— Босқын статусын беру я бермеу мәселесі қаралып жатқанда адамды депортациялауға болмайды. Ол депортация бойынша бірінші және екінші сотта жеңілді. Ал босқын статусы бойынша бірінші сотта ғана жеңілген, екінші сот әлі болмады. Бұл жерде нюанстар бар. Негізі Қазақстан Босқын статусы конвенциясын бұзып отыр, — деді Жовтис.

36 жастағы Жилин бұған дейін Ресейдің федералдық күзет қызметінің Сібір федералдық округінде істеп, президент Владимир Путин мен аймақтың байланысына жауап берген.

21 қыркүйекте Путин елде мобилизация жариялағанда Жилин отбасымен Ресейден қашқан. Ол Ресейден кетуге шектеуі болғандықтан Қазақстанға шекара бұзып өткен. 26 қыркүйекте Абай облысының шекарашылары оны ұстаған еді. 6 желтоқсанда Жилин Арменияға ұша алмаған. Ресей Михаил Жилинге "шекараны заңсыз кесіп өтті", "әскери қызметтен қашты" деп халықаралық іздеу жариялаған.

Евгений Жовтис Қазақстан Жилинді Ресейге "қысымға тап болғандықтан" берді деп санайды.

— Әскери қақтығыс уақытында оны Ресейде не күтіп тұрғаны белгілі. Мұндай жағдайда адамды бере ме? Соғысқа барғысы келмей қашып келген адамды өлімге бере салды. Өкінішті жағдай. Ел имиджіне үлкен соққы. Бірақ жоғарыдағылар Ресеймен қақтығысудан сескенгендей, — дейді Жовтис.

Қазақстан ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қыркүйекте Мәскеу мобилизациядан қашқан ресейліктерге халықаралық іздеу жарияласа, Қазақстан оларды еліне экстрадициялайтынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG