Ресей Украина аумағына басып кіргелі бері жеті мыңға жуық бейбіт украин тұрғыны опат болып, шамамен 11 мың украин азаматы жараланған. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының жаңа есебінде осындай дерек бар.
БҰҰ мәліметінше, бақылаушылар желтоқсан айында Украинада 165 бейбіт тұрғын қаза тапқанын, 500-ден аса украин азаматы жараланғанын анықтады.
Украинада соғыс басталған 24 ақпаннан бастап 26 желтоқсанға дейінгі аралықта Украинада 6 884 бейбіт тұрғын мерт болды. 400-ге жуығы – бала. Осы уақыт аралығында 10 947 украин азаматы жараланды.
24 ақпаннан бері Донецк және Луганск облыстарында 4 052 адам өлген. Украинаның басқа да облыстарында соғыс басталғалы 2 832 адам қаза тапты.
БҰҰ адам шығынына қатысты көрсеткіш бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін ескертіп отыр, өйткені кескілескен ұрыс жүріп жатқан аймақтан ақпарат кешігіп жетіп жатыр. Мұндай аймақтарға Мариуполь, Изюм, Лисичанск, Попасная, Северодонецк қалаларын жатқызуға болады.
Украина ІІМ мәліметінше, елде соғыс басталғалы 35 мыңнан аса нысан қиратылған. Соққы салдарынан инфрақұрылымның аса маңызды 702 нысаны - газ құбырлары, электр тораптары және көпірлер бүлінген. Министрлік жау соққысынан Харьков, Донецк және Луганск облыстары қатты зардап шеккенін мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР