Ресей президенті Владимир Путин және Қытай басшысы Си Цзиньпин жұма күні видеобайланыс арқылы келіссөз өткізді. Путин Қытай басшысын келесі жылы көктемде Мәскеуге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
"Бұл бүкіл әлемге маңызды мәселелер бойынша Ресей-Қытай байланысының беріктігін паш етеді. Екі жақты қарым-қатынастағы басты саяси оқиға болады" деді Путиннің баспасөз қызметі.
Reuters жазуынша, Пекин Си Цзиньпиннің Ресей астанасына сапары туралы әзірге хабарламады. Видеосаммиттен кейін таратылған Қытай хабарламасында Пекин Украинадағы соғыс мәселесі бойынша "объективті және әділетті позиция" ұстанатынын айтқан.
Кремльдің хабарлауынша, Путин Мәскеу "Ресей мен Қытай қарулы күштері арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуды көздейді" деп айтқан. Қытайдың мемлекеттік CCTV арнасы екі ел басшыларының әңгімесі туралы сюжетінде әскери ынтымақтастық туралы айтпады. Reuters'тің жазуынша, Путинді "қымбат дос" деп атаса да Си Цзиньпиннің кіріспе сөзі Путиндікіне қарағанда азырақ және біршама прагматикалық сарында жазылған.
- Ресей Украинаға әскерін кіргізгеннен кейін батыс елдері Мәскеуге қатаң экономикалық санкция салған. Бұған қоса, саяси қарым-қатынас деңгейін де азайтқан. БҰҰ Бас ассамблеясы наурызда Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптайтын және Мәскеуді әскерін украин аумағынан алып кетуді талап ететін резолюция қабылдаған.
- The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Си Цзиньпин үкіметке экономикада Ресеймен тұрақты байланыс орнатуды тапсырған.
- 21 желтоқсанда Қытайға Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев барған. Пекинде ол Си Цзиньпинмен кездескен. 26 желтоқсанда Медведевтің әскери-өнеркәсіп комиссиясы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалғаны белгілі болған. Бұған дейін комиссияда мұндай қызмет болмаған.
ПІКІРЛЕР