Accessibility links

Украина қорғаныс министрлігі ресейліктерге: Жуырда шекара жабылады


Алексей Резников
Алексей Резников

Украина қорғаныс министрі Алексей Резников 30 желтоқсанда кешке Ресей азаматтарына видеомәлімдеме жасады. Орыс тілінде сөйлеген министр шамамен бір аптадан соң Жаңа жылдан кейін Ресей мен Беларусь шекаралары жабылатынын, ал Ресейде мобилизацияның жаңа толқыны басталатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жолы ірі қала тұрғындарын соғысқа шақырады.

Резников кімге сүйеніп айтып отырғанын нақтыламады. Алайда Украина қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасы Ресейде мобилизацияның жаңа толқыны 5 қаңтарда басталуы мүмкін екенін айтқан.

Ресей билігі оның сөзіне әзірге реакция білдірмеді. Бұған дейін Ресей басшылары, оның ішінде Владимир Путин де қайта мобилизация жариялаудың қажеті жоқ деп мәлімдеген. Дегенмен елде қыркүйектегі жартылай мобилизация туралы жарлықтың күші жойылмаған. Заң жүзінде ол кез келген уақытта басталуы мүмкін.

"Шамамен бір апта қалғанын нақты білемін. Әзірге қандай да бір амал табуға болады. Қаңтар басында Ресей билігі ер адамдарды шекарадан өткізбейді. Бұдан соң елде әскери жағдай жариялап, кезекті мобилизация толқыны басталады. Беларусьпен де шекара жабылады" деді Резников.

Ол ресейліктерді майданға не үшін баратыны жөнінде ойлануға шақырды. Министр украин армиясының соғыстағы жеңістерін, орыс әскерінің сәтсіздіктерін еске алып, Ресей билігі әлі күнге дейін Украинаға басып кіруінің нақты себептерін түсіндіре алмады деді.

"Соғысты бітіруге Ресей мүдделі" деді ол. Резников Ресей соғыста жеңілген жағдайда ресейліктерді қудалап, маңдай термен тапқандарын тартып алып, сотқа тартатыны жайлы сыбыстарға сенбеуге шақырды. "Бұл өтірік" деді ол. Дегенмен Украинаға соғыс ашқандар репарация түрінде жауап беруіне тура келеді деді.

  • 24 ақпанда Украинаға басып кіретінін мәлімдеген Ресей президенті Владимир Путин "арнайы операцияға" тек офицерлер мен әскери қызметкерлер қатысады деп айтқан. Алайда орыс армиясы сәтсіздіктерге ұшыраған соң қыркүйекте Путин мобилизация жариялап, 300 мың адамды соғысқа шақыратынын айтты.
  • Резников бұған дейін де ресейліктерге үндеу жасаған. Ол сол кезде кез келген амал арқылы соғыстан қашуға үндеген.
XS
SM
MD
LG