Accessibility links

Хорватия еуроға көшіп, Шенген аймағына қосылды


Жексенбі, 1 қаңтар күні Хорватия ұлттық валютасынан бас тартып, еуроға көшті және Еуропа ішінде паспортсыз жүруге мүмкіндік беретін Шенген аймағына қосылды. Еуроодаққа 10 жылға жуық уақыт бұрын кірген Хорватия үшін бұл екі жаңалық Еуропаға интеграциясындағы елеулі меже саналады.

Түн ауа Балқан елі ұлттық валютасы кунамен қоштасып, еуроны ресми қолдануға көшкен 20-мемлекет атанды. Хорватия сондай-ақ Шенген аймағына мүше 27-ел атанды. Паспортсыз жүріп-тұруға мүмкіндік беретін бұл аймақта барлығы 400 миллионнан астам халық тұрады.

Еуроодақ басшысы Урсула фон дер Ляйен жексенбінің кешінде осы елге сапарлап, тарихи сәтті атап өтпек.

Сарапшылардың айтуынша, еуроға көшу Хорватия экономикасына оң ықпал етіп, Ресей Украинаға басып кіргелі басталған инфляция қарқынын тежеуге көмектеспек.

Бірақ хорваттар еуроға көшуді екіұдай қабылдады. Шенген аймағына кіруді қуана қарсы алған хорваттардың кейбірі еуроға көшкеніне алаңдайды. Елде оңшыл бағыттағы оппозиция топтары еуро Германия мен Франция секілді үлкен елдерге ғана тиімді деп айтып келеді.

"Кунамен әлі жылап көрісеміз, баға шарықтап кететін болды" дейді Загребте тұратын 63 жастағы зейнеткер Дразен Големан.

Хорваттардың көбі еуроға көшу бағаның шарықтауына әкеле ме деп үрейленеді.

"ЭЛИТА КЛУБЫ"

Туристік агенттікте жұмыс істейтін Марко Павич "Хорватия элита клубына қосылды" деп санайды.

"Еуро онсыз да бағалауда қолданылатын, психологиялық тұрғыда бұл жаңа нәрсе емес. Ал Шенген аймағына кіру туризм үшін керемет жаңалық" деді ол AFP ақпарат агенттігіне.

Еуро Хорватияда кең тараған валюта. Хорваттар көлік не пәтер секілді бағалы мүліктердің бағасын еуромен көрсететін. Осылайша олар өз ұлттық валютасына сенімсіздік білдіретін.

Елдегі банк депозиттерінің 80 пайызы еурода және Загребтің ірі деген сауда әріптестерінің көбі еуро аймағында.

Бұрын Югославия құрамында болған Хорватия 1990-жылдары тәуелсіздігі үшін соғысып, егемен ел атанған. 3,9 миллион халқы бар ел Еуроодаққа 2013 жылы қосылған.

"Еуроның экономикалық тұрақтылық пен қауіпсіздік әкелетіні анық" дейді Хорватия ұлттық банкінде жұмыс істейтін Ана Сабик.

Сарапшылардың айтуынша, еуроға өту қарыз алуды азайтып, экономикалық қиындықтарды жеңілдетпек.

Қараша айында Хорватияда инфляция деңгейі 13,5 пайыз көлемінде болған. Ал бұл кезде еуро аймағында инфляция 10 пайыз болған.

Сарапшылар Польша мен Венгрия сияқты еуроға қосылмаған Еуроодақ мүшелерінде инфляция қарқыны қаттырақ байқалады дейді.

AFP ақпарат агенттігінің хабары

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG