Accessibility links

Қазақстанда бірнеше министр ауысты


Мәжіліс ғимараты. Көрнекі сурет.
Мәжіліс ғимараты. Көрнекі сурет.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып Марат Қарабаев тағайындалды. Бұған дейін аталған министрлікті басқарған Қайырбек Өскенбаев қызметінен босатылды.

Сәрсенбі күні сонымен бірге Асхат Аймағамбетовтің оқу-ағарту министрі қызметінен босатылғаны белгілі болды. Оның орнына Ғани Бейсембаев тағайындалды.

4 қаңтарда Ақорда сайтында арнайы жарлықтар жарияланды.

Зүлфия Сүлейменова экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Ол 4 қаңтарда қызметінен босатылған Серікқали Брекешовті алмастырды.

Дәурен Абаев мәдениет және спорт министрі қызметінен босап, оның орнына Асхат Оралов тағайындалды. Оралов 2022 жылдың ақпанынан бері биліктің "Amanat" партиясының атқарушы хатшысы болған.

Бұдан бөлек, Азамат Есқараев әділет министрі болып тағайындалды. Қаңтар оқиғасынан кейін әділет министрі болып тағайындалған Серік Мусин өткен аптада бұл қызметтен босатылып, жаңадан құрылған конституциялық соттың судьясы болып тағайындалған еді.

Қызметінен босатылған шенеуніктердің қандай қызметке орналасатыны айтылмады.

35 жастағы Марат Қарабаев 2021 жылдың шілдесінен бері индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болған. Әр жылдары ауыл шаруашылығы министрлігі, индустрия және жаңа технология министрлігі, көлік және коммуникация министрлігіінде түрлі қызмет атқарған.

53 жастағы Ғани Бейсембаев 2022 жылдың наурызынан бастап оқу-ағарту (тамызға дейін білім және ғылым министрлігі аталған) вице-министрі болған. Әр жылдары мемлекетке қарасты түрлі білім мекемелері мен ұйымдарында түрлі қызмет атқарған.

32 жастағы Зүлфия Сүлейменова үкіметте сирек кездесетін әйел министрлер қатарын толықтырды. 2022 жылдың наурызынан бері экология вице-министрі болған. Оған дейін президент жанындағы қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері болған.

Азамат Есқараев 2019 жылдың шілдесінен бері премьер-министр кеңсесінде заң бөлімін басқарған. Оған дейін әділет министрлігінде түрлі қызмет атқарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG