Accessibility links

Жамбыл облысында қатты бораннан жарық пен жылу өшкен


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Жамбыл облысында қатты боран соғып, кейбір ауданда электр энергиясы және жылу жүйесі өшкен. Бұл жөнінде аймақ әкімдігінің баспасөз қызметіне сүйенген "Власть" сайты жазды. Бораннан жеті адам зардап шеккен.

Тараз маңындағы Құмшағал және Күлтоған ауылдарында жарық сөніп, Талас ауданының Қаратау қаласында боран көпқабатты тұрғын үй мен әкімдіктің шатырын ұшырып әкеткен. Жаңатаста электр бағаналары құлаған.

Облыс әкімдігі бораннан Талас ауданында - бес адам, Таразда екі адам зардап шеккенін хабарлады.

"Сарысу ауданында орталық аурухана 4 генераторға қосылған. Ауыр науқастар жоқ. Қазіргі уақытта стационарда 40-қа жуық адам емделіп жатыр. Стационардағы балалар жақын маңдағы автономды жылыту амбулаториясына ауыстырылды. Жүкті әйелдерге арналған перзентханада жылытуға арналған арнайы құрылғылар қосылған" деп жазылған Жамбыл облысы әкімдігі сайтының хабарламасында.

Билік жағдай тұрақталғаннан кейін электр желілерін жылдам қосатынын хабарлады.

Ресми мәлімет бойынша, Жуалы, Талас, Жамбыл, Байзақ, Мойынқұм, Шу, Қордай, Тұрар Рысқұлов, Меркі аудандарында электр және жылу жүйелері істеп тұр.

Осы апта басында Жаңатас қаласында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланғаны хабарланған. Қалада жекелеген генераторлар істемей қалып, қала тұрғындары жарық және жылусыз қалған. 20 шақты бағана құлаған. "Шахан" қосалқы станциясындағы қондырғылар суып, жылу жүйесінен суды ағызу туралы шешім қабылданған.

Қазір қаладағы жағдай туралы мәлімет жоқ. Азаттық тілшісі 4 қаңтарда түсте Жаңатас әкімдігіне бірнеше рет хабарласқан кезде телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Ресми хабарламада қалада қар тазалау жұмыстары жүріп жатқаны жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG