Accessibility links

Ақтөбеде "4 жасар баланы өлтірді" деген күдікпен ер адам қамауға алынды


Ақтөбе халқы қаза болған Данил Ахуновқа біраз уақыт пана болған "Үміт" жетімдер үйіне ойыншықтар мен тәтті әкелді. Ақтөбе, 30 желтоқсан 2022 жыл. Сурет авторы - Катерина Голотина.
Ақтөбе халқы қаза болған Данил Ахуновқа біраз уақыт пана болған "Үміт" жетімдер үйіне ойыншықтар мен тәтті әкелді. Ақтөбе, 30 желтоқсан 2022 жыл. Сурет авторы - Катерина Голотина.

Ақтөбеде төрт жасар Данил Ахуновты өлтірді деп күдікке ілінген азамат екі айға қамалды. Ақтөбе облыстық сотының хабарлауынша, күдіктіге "Жас баланы өлтіру" (Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі) айыбы тағылған. Ақтөбе қаласы мамандандырылған тергеу соты оны қамауға алу туралы өтінішті 2 қаңтарда қарап, күдіктіні 28 ақпанға дейін қамауға алған.

Сот пен полиция тергеу құпиясына сілтеп, күдіктінің кім екенін жарияламай отыр. Азаттық күдіктінің адвокатымен байланыса алмады.

Жергілікті ақпарат агенттіктерде күдікті ретінде баланың 40 жастағы әкесі қамалғаны жазылды. Әкесі 28 желтоқсан таңертең 9:35-те төрт жасар Данил "жоғалып кетті" деп полицияға өзі хабарлаған.

Кісі қолынан қаза болған төрт жасар Данил Ахунов – үшемнің бірі. Шешесі аналық құқығынан айырылған соң балалар 2020 жылы қараша мен 2022 жылы қараша аралығында Ақтөбедегі "Үміт" жетімдер үйінде өскен. Балалардың әкесі заңды өкілі ретінде құжат әзірлеп, осыдан екі ай бұрын үшемді жетімдер үйінен алып кеткен. Данилдің өлімінен соң оның екі бауыры жетімдер үйіне оралған.

Zello.Poisk Aktobe еріктілер тобының елу мүшесі мен қала тұрғындары, жалпы саны жүзден астам адам Данил Ахуновты екі тәулік бойы іздеген. Баланың сүйегі 30 желтоқсан күні қала шетіндегі шұңқырдан табылған. Еріктілер тобының жетекшісі Катерина Голотина "Данил тәрбиеленген жетімдер үйінің ұжымы мен еріктілер тобы тергеу сараптамаларын аяқтаған бойда баланы жерлейтін боламыз" деді.

"Үміт" сәбилер үйінің бас дәрігері Айгүл Бижанованың айтуынша, жетімдер үйіне Данилдың сүйегі әлі берілмеген. Кей ақпаратқа қарағанда ер адам оны "ұрып өлтірген".

Төрт жасар Данилдің кісі қолынан мерт болуы Ақтөбені дүр сілкіндірді. Бірнеше күннен бері қала халқы Данилге біраз уақыт пана болған "Үміт" жетімдер үйіне ойыншықтар мен тәтті апарған еді.

Ақтөбе полициясының мәліметінше, биылдыққа облыста 132 бала жоғалып, Данил Ахуновтан өзгелері аман-есен отбасына қосылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG