Accessibility links

Алматыда белсенділер Қаңтар құрбандарын еске алды. Әкімдік марқұмдардың туыстарын мешіттерге алып кетті


Алматыда белсенділер Қаңтар құрбандарын еске алып жатыр. 5 қаңтар 2023 жыл.
Алматыда белсенділер Қаңтар құрбандарын еске алып жатыр. 5 қаңтар 2023 жыл.

5 қаңтарда күндіз Алматыда Рысбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов, Еркін Рақышев, Әлнұр Илияшев, Инга Иманбай бастаған бір топ белсенді Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументіне жиналып, Қаңтар құрбандарын еске алды. Марқұмдарға дұға бағыштады.

Шамамен 50 шақты адам жиналған шарада Қаңтарда бейбіт халыққа оқ атқандардың әлі жазасыз қалып отырғаны, қантөгістің әділ тергелмей отырғаны айтылды.

Алаңда мобилді интернет өшірілгендіктен ол жақтан тікелей эфирде хабар тарату мүмкін болмады. Кей белсенділер видеоларын интернет бар жерге барып жариялады.

Полиция оқиғаны бақылап тұрды, бірақ өтуіне кедергі жасамады. Белсенділердің сөзіне қарағанда, олар бұған дейін әкімдікке еске алу шарасын өткізетіні жөнінде ескерту хат берген, бірақ жауап келмеген. "Әкімдіктің үнсіз қалғаны рұқсат еткені деп білеміз" деді олар.

Белсенділер Қаңтар құрбандарын еске алып жатқан шақта Республика алаңының екінші бір бөлігінде – жуырда "Тағзым" мемориалы ашылған жерде Қаңтар құрбандарының туыстары жиналып тұрды. Айтуларынша, бұған дейін әкімдік хабарласып, 5 қаңтар күндіз осы жерге жиналуларын сұраған. Олар мемориалға Қаңтар құрбандарының тізімі жазылған бірнеше плакат жайып қойған. Алайда полиция оларды алып тастаған. Сәлден соң әкімдік өкілдері келіп, шамамен 50 шақты адамды автобустарға отырғызып, мешіттерге әкетті. Әкімдік өкілдері оларға "сол жақта мал сойылып, құран бағышталып, ас беріледі. 200 шақты адам жиналады" деп айтқан.

Марқұмдардың туыстарының бір бөлігі "Нұр Мүбәракқа", екінші бір бөлігі Орталық мешітке әкетілген. Әкімдік өкілдері түсініктеме бермеді.

"Власть" сайтының хабарлауынша, Республика алаңында жүрген белсенділер резолюция қабылдаған. Олар Қаңтар қантөгісін әділ тергеуді, жазықтан-жазықсыз қамалғандарды босатуды, адамдарға оқ атқандарды жазалауды, қаза болғандар мен туыстарына өтемақы төлеуді талап еткен

Қаңтар құрбандарына еске алу шарасы басталмай тұрып 5 қаңтарда таңертең полиция "Демпартияның" кемінде үш белсендісін ұстап әкеткен болатын. Бір күн бұрын "Демпартия" бейсенбі күні Республика алаңына жиналып, Қаңтар құрбандарына тағзым ететінін мәлімдеген.

Бір жыл бұрын сұйытылған газдың қымбаттауынан басталған наразылықтың соңы бірнеше қалада тәртіпсіздікке айналып, кемінде 238 адам қаза болған. Сарапшылар Қаңтар қантөгісінен бері бір жыл өтсе де, Қаңтардың негізгі сұрақтарына жауап берілмеді деп санайды. Құқық қорғаушылар адам өлімі бойынша қылмыстық істердің басым бөлігі тоқтатылғанын, азаптау шағымдарының басым бөлігінің қаралмағанын айтады. Ал билік "Қаңтар біржақты тергелді" деген сынмен келіспейді. Билік елде Қаңтарға байланысты 5300 қылмыстық іс қозғалғанын, мың жарымнан астам сот үкімі шыққанын, тергеу әлі толық бітпегенін айтады.

Ресми Астана Қаңтарды халықаралық тергеу туралы ұсыныстан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG