Accessibility links

АҚШ өкілдер палатасының спикерді таңдай алмай жатқанына екі күн болды


Республикалық партия жетекшісі Кевин Маккарти
Республикалық партия жетекшісі Кевин Маккарти

Республикалық партия жетекшісі Кевин Маккарти өкілдер палатасының спикері ретінде сайлану үшін осымен алтыншы рет қажетті дауыс жинай алмады. Бұл жөнінде Reuters агенттігі жазды.

3 қаңтарда Конгресс мүшелері дауыс берудің үш раундын өткізген. Ертесінде спикерді сайлауға тағы талпыныс жасап, үш рет дауыс беру өткізген. Алайда радикалды республикашылдар партияластарын қолдаудан бас тартқан. Соның нәтижесінде дауыс беру 5 қаңтар сағат 12-ге дейін (Астана уақыты бойынша сағат 23.00) шегерілген.

Жүз жыл ішінде өкілдер палатасы алғаш рет спикерін таңдай алмай отыр. 1923 жылы спикерді таңдау үшін тоғыз тур керек болған.

Соңғы тур нәтижесінде Маккарти қажетті 218 дауыстың 201-ін алған. Тағы бір республикашыл Байрон Дональдс 20 дауыс жинаған. Оның кандидатурасын Маккартиді қолдаудан бас тартқан партия мүшелері ұсынған. Республикашылдардың қарсыласы демократ Хаким Джеффрис 212 дауыс алған. Бұған дейін Маккарти кандидаттықтан бас тартпайтынын, жеңбейінше процедураға қатыса беретінін айтқан.

Сыншылар Кевин Маккартиді өкілдер палатасында отырып, мемлекет шығынының өлшеусіз өсуіне рұқсат берді деп айыптайды. Оны бұрынғы президент Дональд Трамптың сайлануына көмектеспеді деп кінәлайтындар да бар.

Конгрестің жаңа шақырылымы 3 қаңтарда жұмысына кіріскен. 2022 жылы қараша айындағы аралық сайлаудан кейін республикашылдар өкілдер палатасын (435 орынның 222-ін иеленген) бақылауға алған. Өкілдер палатасының спикері болу үшін Маккарти кемінде 218 дауыс жинауы тиіс. Өкілдер палатасы спикерінің маңызды өкілеті бар: ол күн тәртібін белгілеп, заң жобалары мен өзге де заңнамалық бастамаларды талқылауға ұсынады, палата атынан сенат және Ақ үймен келіссөз жүргізеді. Спикер сайланбайынша өкілдер палатасының жұмысы тоқтайды.

XS
SM
MD
LG