Accessibility links

Украина билігі: Бахмут қаласының 60 пайызы қирады


Ресей әскері бірнеше айдан бері басып алуға тырысып отырған Украинаның Донецк облысындағы Бахмут қаласының 60 пайызы қираған. Бұл жөнінде Донецк облысы әскери әкімшілігінің жетекшісі Павел Кириленко хабарлады.

Бейбіт тұрғындардың басым бөлігі қаладан кеткен, алайда ол жақта әлі күнге дейін тұрып жатқандар бар. Кириленконың сөзіне қарағанда, 4 қаңтарда Бахмутта екі әйел қаза болған.

"Қарсылас тарап қалаға кіремін деп қанша талпынса да, бәрібір кіре алмайды. Олар қала шетіндегі бұрынғы позициясына қарай тықсырылды" деді Кириленко.

Бахмутты қорғаушылардың "жетістіктері" туралы сәрсенбілік мәлімдемесінде президент Владимир Зеленский де мәлімдеген. Бұған дейін ол қалаға барып, қаланы "қамал" деп атаған. Украина бас прокуратурасы да кейінгі шайқастарда орыс әскерін қала сыртына дейін шығарып тастағанын хабарлаған.

Соғысты зерттеу институты мен батыс сарапшыларының хабарлауынша, Ресей әскері кейінгі кезде Бахмутқа шабуылын бәсеңдетіп, басқа бағытта атап айтқанда, Соледар ауданына қарай шабуылын үдеткен. Алайда ол жақта да сәтсіздікке ұшыраған.

Екі тараптағы дереккөздер Бахмутты екі жаққа көп шығын әкелген ең күрделі шайқас алаңдарының бірі деп атады. Бахмутты шабуылдауға қатысып жатқан "Вагнер" жеке әскери тобының жетекшісі Евгений Пригожин украин әскерінің қалада "500 қорғаныс сызығын" құрғанын мәлімдеген. Ресей қорғаныс министрлігі Бахмутта соңғы күндері болып жатқан шайқастар туралы ресми түрде хабар таратпады.

Ресей әскері жарты жылдан бері Бахмутты басып алуға күш салып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG