Accessibility links

Шымкентте әкімдіктің Қаңтар құрбандарына арналған асында марқұмдардың жақындарына сөз берілмеді


Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан марқұмдарға құран оқылып жатқан сәт. 5 қаңтар 2023 жыл, Шымкент.
Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан марқұмдарға құран оқылып жатқан сәт. 5 қаңтар 2023 жыл, Шымкент.

5 қаңтарда Шымкент әкімдігі Қаңтарда қаза тапқан азаматтардың рухына құран бағыштап, ас берді. Сіргелі мешітінде өткен асқа марқұмдардың жақындары ғана (әр үйден бес адамнан келуге рұқсат берілген) шақырылды. Жиында ақсақалдар мен имамдар ел бірлігінің маңызы туралы өсиет айтып, марқұмдардың ата-аналары "бізге сөз берілмеді" деп ренжіді.

Ас өтетін залға кіреберістегі қаз-қатар тізілген орындықтар үстіне Қаңтарда оққа ұшқан азаматтардың портреттері қойылған. Ата-аналар бұл суреттерді үйлерінен алып келген. Марқұмдардың туыстары атылған жақындарын еске алып жылады.

Әкімдік ұйымдастырған шараға қала басшысы Мұрат Әйтенов қатыспады. Аудан әкімінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері ғана жүрді. Бірақ жергілікті билік өкілдері халықтың алдында Қаңтар оқиғасы не оққа ұшқан азаматтар туралы сөйлеген жоқ. Шараға арнайы шақырылған ақсақал бата берді, қала имамы құран оқыды. Арасында имамдар "ел бірлігінің маңызы, бұл сынақтан қандай сабақ алу керегі, қазаға сабыр ету жайлы" уағыз айтып отырды.

Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте қаза тапқан азаматтардың жақындары Сіргелі мешітінде өткен асқа марқұмдардың суреттерін ала келді. 5 қаңтар 2023 жыл, Шымкент.
Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте қаза тапқан азаматтардың жақындары Сіргелі мешітінде өткен асқа марқұмдардың суреттерін ала келді. 5 қаңтар 2023 жыл, Шымкент.

Әкімдік өкілдері Азаттық тілшісінің қызметіне бірнеше рет кедергі жасауға тырысты. Жиын басталмай тұрып, әкімдік қызметкері келіп, "тұрып жүрмеңіз, дәм татып, үстел басында отырыңыз" деді. Тілші тамақ ішуге емес, кәсіби қызметін атқаруға келгенін айтып, бас тартты.

Кейін Азаттық тілшісіне ас өтіп жатқан жердің администраторы келіп, "әкімдік қызметкерлері сізді сыртқа шықсын деп жатыр" деп ескертті. Тілші орнынан қозғалмаған соң, ішкі саясат бөлімінің қызметкері келді. Ол "бұл – ойын-сауық шарасы емес, құдайы тамақты видеоға түсірудің қажеті жоқ, адамдар қарсы болып жатыр" деді. Бірақ нақты кім қарсы екенін айтпады.

Залда марқұмдардың туысы шараны бастан-аяқ фото-видеоға түсіріп жүрді. Әкімдік өкілдері оның еркін жүріп-тұруына қарсы болған жоқ. Азаттық тілшісі жұрттың мазасын алмай, бір шеттен ғана видеоға түсіріп тұрса да, ішкі саясат бөлімінің қызметкері оған зал ішінде жүруге тыйым салып, үстел басына отырғызып қойды.

Ата-аналар сөз сөйлеуге дайындалып, бәрінің атынан кімдер сөйлейтінін келісіп алды. Бірақ бір кісіден басқа адамға сөз берілмеді. Марқұмдардың туыстары Қаңтарда атылған жақындарының суреттерін жинап, видеоролик дайындаған. Әкімдік видеоны да көрсеткен жоқ. Жиын аяқталған соң, ата-аналар іштегі шерін тарқатып, сөйлей алмағанын, балаларын атқан адамдар әлі жауапқа тартылмағанын айтып шағынды.

– Қабырғасы қайысып, жақынынан айырылған адамдарға ойындағысын айтуға мүмкіндік берген жоқ. Сонша күн күттік, дайындалдық. Ойымызды айтып, жүрегіміздегі қайғымызды сыртқа шығарғымыз келіп еді. Әттең-ай деп кетіп бара жатырмыз, – деді Қаңтарда атылған Аңсар Исламның анасы Жазира Жандарбекова.

– Атқан адамды таба алмайды. Қайдан табады? Жоқ қой, олар жоқ. Шындық ешқашан ашылмайды. Қарапайым халықтың қолынан ештеңе келмейтінін біледі. Сондықтан жоғарыдағылар шешім қабылдамайды. Өлтірген адамдарды таппайды олар, – деді Қаңтарда баласынан айырылған Әбдікәрімов Қылышбек.

– Мен үшін Қаңтар шындығы ашылған жоқ. Үкіметтен атқан, атуға бұйрық беріп, қол қойған адамның бәрін табуды талап етеміз! – деді марқұм Бақытжан Талғатұлының анасы Әбдиева Гүлнәз.

"Тоқаев неге қару берді?" Өскемен мен Шымкентте Қаңтар құрбандарына құран бағыштады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:54 0:00

Былтыр қаңтардың басында Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты наразылық басталып, жаңаөзендіктерге елдің басқа аймақтары да қолдау білдірген еді. Жаңаөзендегі бейбіт наразылықты алғашқылардың бірі болып Шымкент қолдаған.

4-6 қаңтар күндері Шымкентте бейбіт басталған наразылық соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, кемі жиырма азамат қаза тапқан. 120-дан астам тұрғын түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. 271 адам әкімшілік, 86 азамат қылмыстық іс бойынша қамауға алынған.

Көрме орталығы, "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат" партиясы) кеңсесі сияқты бірнеше әкімшілік ғимарат өртеніп, ондаған көлік бүлінген. Кейін мемлекеттік басылымдар Шымкентке оқиға кезінде 4 миллиард теңгеден астам шығын келгенін жазды. Алаңда атылған жиырма азаматқа “Жаппай тәртіпсіздікке қатысты” деген айып тағылған. Жақындарының ұзақ күресінен кейін қалалық прокуратура марқұмдарды ақтайтын қаулы шығарды. Қаңтарда қаза тапқан азаматтардың өліміне кінәлілер жауапқа тартылған жоқ. Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған белсенділердің кейбірі әлі қамауда отыр. Бұрын "тыйым салынған ҚДТ* қозғалысының қызметіне араласты" деп сотталған бірнеше адам Қаңтар оқиғасына байланысты жарияланған рақымшылыққа ілінбеді.

* Қазақстан шетелдегі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент бұл қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

  • 16x9 Image

    Динара ТІЛЕУБЕК

    Динара Тілеубек Азаттыққа 2019 жылдан бері жазады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған. Бұрын республикалық басылымдар мен телеарналарда жұмыс істеген. Автормен оның Facebook парақшасында пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG