Латвияның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі "Sputnik Литва" агенттігінің бас редакторы Марат Касемді ұстап, қамады. LSM.lv порталының хабарлауынша, Касем ЕО санкциясын бұзды деген күдікке ілінген.
Ақпаратқа қарағанда, Касем 3 қаңтарда ұсталған, сол күні сот оны қамауға рұқсат берген. Журналиске "БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бекіткен санкцияны бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Егер кінәсі дәлелденсе, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Латвия мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, Касем тұрақты түрде "Кремльдің мүддесіне сәйкес келетін, оның ішінде Латвия мен одақтастарының беделіне нұқсан келтіретін ақпараттарды" таратқан.
Латвия мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің тұжырымдауынша, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін аталған агенттік "Ресей басқыншылығын ақтайтын контент таратқан". "Еуропа елдеріндегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған өзге де әрекеттер жасаған". Сол үшін Латвия аумағында бұғатталған. Марат Касем сол ақпараттарды таратқан агенттікке жетекшілік еткен. Ол бірнеше жыл Ресейде тұрып, жұмыс істеген. Бірақ 2022 жылдың соңында отбасы жағдайымен Латвияға оралған.
Ал Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Касемнің ұсталуын "диктаторлық режимдердің кегі" деп атады.
Латвия мемлекеттік қауіпсіздік қызметі екі жыл бұрын "Россия сегодня" медиатобына кіретін Sputnik және Baltnews Латвияның порталдарының контентіне жауапты Латвияның бірнеше азаматына қылмыстық істер ашқан. Олар да сол кезде "санкцияны бұзды" деген күдікке ілінген. Бұл істер бойынша тергеу аяқталып, 2021 жылы қыркүйекте прокуратураға берілген. Ол істер бойынша Baltnews бұрынғы редакторы Андрей Яковлев, Андрей Солопенко және ресейшіл белсенді Владимир Линдерман ұсталған.
ПІКІРЛЕР