Accessibility links

Сот Мәсімовтің туысына қатысты істі "түсініксіз" тұстарына байланысты прокуратураға қайтарды


Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімов.
Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімов.

ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің туысы Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімов үстінен қозғалған қылмыстық істі сот прокуратураға қайтарды. Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, материалдарды қайтару туралы шешім 6 қаңтарда алдын ала сот тыңдауы кезінде қабылданған.

Нұрлан Мәсімов және облыстық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Дамир Сиразидимовке пара алу және бөтеннің мүлкін иемдену баптары бойынша айып тағылып отыр. Тағы бір айыпталушы, кәсіпкер Евгений Евкаков бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін иемдену немесе жұмсауға көмектесті деген күдікке ілінген.

Соттың айтуынша, істе қылмыстық-процессуалдық заңнама ережелері бұзылған: сыбайластар әрекетін сипаттаған кезде атқарушы мен ұйымдастырушының рөлдері анықталмаған.

"Қандай қылмыстың нәтижесінде айыпталушының мемлекетке шығын келтіргені түсініксіз" деп жазылған сот хабарламасында.

Сот сонымен бірге айыптау актісінде қанша қаражаттың жұмсалғаны және шығын келгені түсініксіз жазылғанын атап көрсетті. Бұл сотты тағайындауға кедергі келтірген.

Қылмыстық іс материалдары желтоқсан соңында сотқа берілген.

Нұрлан Мәсімов полиция департаменті бастығы қызметінен былтыр қаңтарда Кәрім Мәсімов арнайы қызмет жетекшісі қызметінен босатылған соң кеткен. Сәуірде Нұрлан Мәсімовтің іздеуде екені, шілдеде Ресеймен шекарада ұсталғаны хабарланды.

Ақпарат құралдарының жазуынша, Нұрлан Мәсімов ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің немере інісі. Қазір Астанада "мемлекетке опасыздық жасау", "билікті басып алуға талпыныс" тәрізді өзге де ауыр баптармен айыпталып жатқан Мәсімовтің де соты жүріп жатыр. Осы аптада бас прокурор Берік Асылов парламентте Мәсімов 2022 жылғы Қаңтардағы төңкерісті ұйымдастырды деген күдікке ілініп отырғанын меңзеген.

Кәрім Мәсімов ісі құпияланған. Ұзақ жыл бойы ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "сенімді өкілі" болған.

XS
SM
MD
LG