Accessibility links

Шымкентте Раушан Перманованы пышақтап өлтірген адам 11 жылға сотталды


Марқұм Раушан Перманова.
Марқұм Раушан Перманова.

Бүгін, 9 қаңтарда Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 39 жастағы Раушан Перманованың қазасына байланысты қозғалған іс бойынша үкім шығарды. Сот ісі былтыр желтоқсан айының басында басталған.

Судья Әбсаттар Шахитдинов сотталушы Ермек Қабылбаевты адам өлтіру бабымен (99-баптың 1-бөлігі) кінәлі деп есептеп, 11 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді. Бұдан бөлек сотталушы марқұм әйелдің отбасына 10 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Раушан Перманова 29 тамызда кісі қолынан қаза тапқан. Қазақстан ішкі істер министрлігі Раушан Перманова үш ай бейресми некеде тұрған 50 жастағы Ермек Қабылбаевтың полицияға өз еркімен берілгенін хабарлаған. Сот кезінде Қабылбаевтың әйелді төрт жерінен пышақтағаны айтылды. Туыстарының сөзінше, күдікті азамат Раушан Перманованың мойны мен аяғынан пышақтаған. Олар марқұмның мәйітінен көгерген іздер де көрген.

Перманованың ағасы, жәбірленуші Ержан Қыстаубаев сот үкіміне разы емес.

— Үш жылқы ұрлағандар 10-12 жылға сотталып жатыр. Ал қарындасымды айуандықпен өлтірген адамды 11 жылға кесіп, мазақ қылып отыр. "Аса қатыгездікпен адам өлтіру" бабы бойынша кемі жиырма жылға соттау керек еді, — дейді Ержан Қыстаубаев.

Жәбірленушінің адвокаты Смадияр Алманов тергеу кезінде "көп қателік кетті" деп санайды. Оның сөзінше, сотталушы Қабылбаевтың әйелді пышақтап өлтірген соң "жедел жәрдем шақырмай, көлікте алып жүргені", "пышақтамас бұрын әйелді ұрғаны" істің аса қатыгездікпен адам өлтіру бабымен тергеуге негіз бола алады. Ол сот қаулысын алған соң апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

Перманованың қазасы туралы Азаттық былтыр қазан айының соңында жазған еді. Кәмелетке толмаған екі қызымен жесір қалған келіншек тоғыз жылдан соң Ермек Қабылбаевпен танысқан. Көп өтпей екеуі мешітте неке қидырып, бірге тұра бастаған. Туыстарының сөзінше, күйеуі Раушанға психологиялық қысым көрсеткен. Туыстарымен араласуға тыйым салған, жұмысынан шығарып алып, телефонын, банк картасын тартып алған.

Шілде басында Раушан төркініне келгенде туысына "Мені құтқарыңыздар" деп сыбырлап үлгереді. Осыдан соң туыстары әйелді үйіне әкелген. Екі айдан соң, 29 тамызда түске қарай қалаға шыққан Раушан қызына "жанында Ермек Қабылбаев барын" айтып, хат жібереді. Бұдан соң әйелдің телефоны сөніп, бірер сағаттан соң полиция әйелдің денесі табылғанын хабарлайды.

Туыстары Азаттыққа тергеу "күдіктінің жазасын жеңілдетуге тырысып жатыр" деп күдіктенгенін айтқан. Олардың сөзінше, тергеуші қылмыстық іс "денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабымен қозғалуы мүмкін екенін айтқан. Шымкент полиция департаменті мен тергеуші Азаттыққа мұны жоққа шығарған.

Құқық қорғаушылар мен белсенділер Қазақстанда әйел құқығы жиі тапталатынын, тұрмыстық зорлық-зомбылық жөніннен әлемде алдыңғы орындарда тұратынын айтады. Адам құқығын қорғайтын халықаралық Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігін тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды әкімшілік жауапқа тартумен шектелмей, қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін қадам жасауға үндеп келеді. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне қарағанда, Қазақстанда жыл сайын шамамен төрт жүз әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG