Accessibility links

Таллин Эстонияда бұғатталған Ресей активтерін алуға кірісті


Ресейдің бұғатталған активтерін алуға кірісіп, оның құқықтық базасын жасап жатқан Еуропа одағының алғашқы елі - Эстония болғалы тұр. Бұл жөнінде Bloomberg хабарлады. Бұл міндетті Эстония министрлігі қаңтар айының соңына дейін орындауға тиіс.

Оған дейін Еуропа комиссиясы Ресей орталық банкінің бұғатталған активі (300 миллиард долларға жуық) мен санкцияға ілінген Ресей азаматтарының мүлкін әрі қарай не істеу керектігі жөнінде шешім қабылдайды. Ресейдің Эстонияда бұғатталған активінің құны шамамен 20 миллион еуро.

Былтыр желтоқсанда Эстония премьер-министрі Кайя Каллас: - Еуропа одағының мүшелері әскери қылмысы үшін Ресейді жауапқа тарту және Ресейдің бұғатталған активтерін пайдалану туралы жұмысын жалғастыруға тиіс,- деп мәлімдеген еді.

Германия үкіметі де барлық құқықтық базасы жасалған соң Ресейдің бұғатталған активтерін Украинаға көмек ретінде беруге дайын. Bloomberg дереккөздерінің бірінің сөзінше, әскери қылмысқа қатысы бар жеке тұлғалардың активтерін де алып қою мәселесі қарастырылып жатыр. Бірақ оның құқықтық негізін жасау үшін бірнеше жыл керек болуы мүмкін.

Бұған дейін Bloomberg егер одақтастары да ілесетін болса, Германия Ресейдің бұғатталған активтерін Украинаны қалпына келтіруге пайдалануға дайын отыр деп хабарлаған.

  • DPA агенттігінің мәліметіне қарағанда, Германия билігі Ресейдің құны 5 миллиард еуродан астам активін бұғаттаған. Bloomberg Еуропа одағы Ресейдің санкцияға ілінген жеке тұлағалары мен заңды тұлғаларының құны 19 миллиард еуродан асатын автивін бұғаттап отыр деп есептеген.
  • Еуропа комиссиясының бағалауына қарағанда, Ресей Украинаға 600 миллиард еуроға тең келетін залал келтірген. Украина президенті Владимир Зеленский Украинаны қалпына келтіру үшін 1 триллион доллардан астам қаржы керек деп санайды.
  • 2022 жылы желтоқсанда АҚШ сенаты Ресейдің кәмпескеленген активтерін Украинаға көмекке ұсынуға мүмкіндік беретін федералды бюджет заңын қолдаған. Бұл құжат Ресей олигархтарының кәмпескеленген активтерінен түскен қаржыны пайдалану жолын реттейді. Ақша әуелі мемлекеттік департаментке түсіп, әрі қарай халықаралық көмек ретінде бөлінеді. Заң жобасында мүлікті кәмпескелеу механизмдері көрсетілмеген, сөз - қазірдің өзінде алынған активтерді әрі қарай қалай пайдалану жөнінде болып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG