Accessibility links

Украина шығысында екі британ еріктісі жоғалды


Соледар түбіндегі шайқас.
Соледар түбіндегі шайқас.

Украинаның Донецк облысында екі британ еріктісі ұшты-күйлі жоғалды. Соңғы рет олар 6 қаңтарда байланысқа шыққан. Бұл жөнінде журналист Виктория Ивлева хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Эндрю Бэгшоу мен Крис Парри адамдарды Бахмут пен Соледар түбіндегі шайқас жүріп жатқан аймақтан салыстырмалы түрде қауіпсіз жаққа көшіру үшін аттанған.

48 жастағы Бэгшоу кейінгі жылдары Жаңа Зелендияда тұрған, бірақ соғыс басталған шақта Украинаға келіп, ерікті болған. Бэгшоудың туыстарының айтуынша, ол эвакуацияланған қарттарға азық-түлік, дәрі-дәрмек тасумен айналысқан.

28 жастағы Парри халықты эвакуациялайтын көліктерге қажетті жанар-жағармай, түрлі жабдықтар сатып алуды көздейтін краудфандингпен айналысқан.

Ұлыбритания СІМ Бэгшоу мен Парридің жоғалу себебін анықтауға барынша күш салып жатқанын хабарлады.

XS
SM
MD
LG