Талдықорғанда жылу қазандықтарының бірі жарылып, 200-ден астам үй және әлеуметтік нысан жылусыз қалды.
"11 қазанда сағат 12:55-те Талдықорғанның Жетісу ықшам ауданында екіқабатты ғимараттың №1 қазандығы (бар-жоғы екі қазандық) жарылып, терезелер қирады" деп жазылған Талдықорған әкімі баспасөз қызметінің хабарламасында. Одан ҚазТАГ үзінді келтіреді.
Ресми ақпаратқа қарағанда, қазандықтың жарылу себептері анықталып жатыр, өрт шықпаған.
Биліктің айтуынша, оқиға болған кезде бір қазандық қана жұмыс істеп тұрған. Қазір қосымша қазандық іске қосылып жатыр. Зардап шеккендер жайлы ақпарат жоқ. Жергілікті билік қалыпты температураны бір сағат ішінде қалпына келтіруге уәде берген.
Әкімдіктің хабарлауынша, аталған қазандық 70 көп қабатты тұрғын үй, 112 жеке ғимарат, жүзге жуық өзге де нысандарды жылытады.
Бір күн бұрын Қарағандыда 16 қабатты тұрғын үйде өрт болып, ресми мәлімет бойынша үш адам қаза болған. Сегізінші қабаттан құлаған тағы бір адам ауруханаға түскен. Билік газ жарылғанын жоққа шығарды. Эвакуацияланған тұрғындар туыстары мен қонақ үйлерге орналастырылған. Полиция оқиғаға байланысты "бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.