Accessibility links

Халықаралық ұйымдар қырғыз билігін Азаттыққа қойылған шектеуді алып тастауға шақырды


Полиция қызметкерлері үкімет ғимараты маңындағы наразылықтан хабар таратып жатқан Азаттық тілшісін ұстап жатыр. Бішкек, 10 қаңтар 2023 жыл.
Полиция қызметкерлері үкімет ғимараты маңындағы наразылықтан хабар таратып жатқан Азаттық тілшісін ұстап жатыр. Бішкек, 10 қаңтар 2023 жыл.

"Азаматтық ниеттестік" халықаралық платформасының мүшелері Азаттықтың Қырғыз қызметіне ("Азаттық медиа") қойылған шектеулерді сынға алып, Қырғызстан билігін сөз бостандығын қорғауға шақырды.

Құрамында халықаралық 30 ұйым бар платформа Қырғызстан билігін "Азаттық медиа" сайтын ашып, радио хабарларын қайта эфирге шығаруға мүмкіндік беруге шақырды.

Үндеу Норвегия Хельсинки комитетінің сайтында жарияланды.

Онда "Азаттық медианың" шынайы ақпарат таратып келгені, осы үшін бірнеше рет қысым көргені айтылған.

"Бұл жолы проблема күрделенді. Былтыр қазан айында бір топ адам "Азаттық медиа" ғимараты алдында наразылық акциясын өткізіп, кеңсені жабуды талап етеді. Он күннен кейін Қырғызстанның ұлттық телерадио хабар тарату корпорациясы Азаттықтың хабарларын таратуды тоқтатты. Осыдан кейін "жалған ақпарат таратты" деген желеумен сайты бұғатталды" деп жазылған мәлімдемеде.

Үндеуге жүзден астам халықаралық сөз бостандығын, адам құқығын қорғайтын ұйымдар қол қойған.

Осының алдында Қырғызстанның жүзден астам өнер, ғылым, мәдениет өкілдері "Азаттық Медиа" айналасындағы жағдайға алаңдайтынын айтып, қырғыз президенті Садыр Жапаровтың атына ашық хат жолдаған. Олар Азаттық сайты мен есепшотын бұғаттау ешбір заңға сәйкес келмейтінін жеткізген.

26 қазанда Қырғызстан ақпарат министрлігі "Азаттық медиа" қызметінің веб-сайтын екі айға жабу туралы шешім шығарған.

Бұған дейін "Биринчи Радио" ұлттық телерадио хабарын тарату кешені және "Санжыра" радиосы Азаттықтың телерадиобағдарламаларын таратуды да тоқтатқан.

31 қазанда қырғызстандық "ДемирБанк" өкілдері Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінен Азаттықтың Қырғыз редакциясының банк шотын жабу туралы нұсқау алғанын хабарлап, мекеме шотын бұғаттаған. Азаттықтың Қырғыз қызметіне қаржы мекемесінен жазбаша ешқандай хабарлама не ескерту келмеген.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай Азаттық радиосы сенімді, шынайы ақпарат бұлағы екенін және ешбір кедергісіз жұмыс істеуіне рұқсат берілуі тиіс екенін мәлімдеген.

Коммерциялық емес тәуелсіз Азат Еуропа / Азаттық радиосының Қырғыз қызметі Қырғызстанда ресми түрде "Азаттык Медиа" деген атаумен тіркелген. Азаттық Қырғызстан мен әлемдегі қоғамдық өмірді және демократиялық құбылыстарды объективті түрде жариялап, өз материалдарын телеарна, радио, әлеуметтік медиа арқылы таратады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG