Accessibility links

The Insider: Соғысты қолдайтын шенеуніктердің балалары НАТО елдерінде демалып жатыр


Ресей сыртқы барлау қызметінің директоры Сергей Нарышкин.
Ресей сыртқы барлау қызметінің директоры Сергей Нарышкин.

Жұрт көзінше соғысты қолдайтын, батысты сынап жүрген ресейлік шенеуніктердің балалары шетелде, оның ішінде НАТО елдерінде тұрақты демалады. Бұл жөнінде шенеуніктердің балаларының әлеуметтік желідегі парақшаларын зерттеген The Insider басылымы жазды.

"НАТО Ресейге қарсы гибрид соғыс жүргізіп жатыр" деп жиі айтатын Ресей сыртқы барлау қызметінің директоры Сергей Нарышкиннің қызы Вероника Нарышкина кейінгі күндері Түркия, Италия, Грекияда болған. Бұған қоса, Балиде әр бөлмесін жалдау құны күніне 500 доллар болатын қонақүйге тоқтаған. Сол сияқты Сейшель аралдары, БАӘ-де болған.

The Insider айтуынша, Вероника Нарышкина шенеуніктің отбасының өзге мүшелері сияқты әлі санкция тізімінде.

Ресей федерация кеңесінің мүшесі, ФСБ-ның отставкадағы генерал-майоры Владимир Жабаровтың ұлы 2021 жылы жазда Калифорнияға барып демалған. Ресей оппозициясын АҚШ-тың арнайы қызметімен астыртын сөз байласты деп айыптаған шенеуніктің ұлы Александр Жабаров соғыс басталғаннан кейін Швеция, Норвегия, Түркияда болған.

Федерация кеңесінің спикері Валентина Матвиенконың болашақ келіні соғыс басталған соң Италиядағы виллада демалған. Ал мемлекеттік дума вице-спикері Александр Жуковтың қалыңдығы бос уақытын Грекияның Миконос аралында өткізген.

The Insider Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудың қызы Ксенияға бір бөлім арнаған. Украинаның Донецк облысында қызу ұрыс жүріп жатқан шақта Ксения жаңа жыл демалысын Дубайда өткізген. The Insider Ксенияның күйеуімен бірге тоқтаған қонақүйін анықтап, ерлі-зайыпты демалысына кемінде 500 мың рубль жұмсаған болуы мүмкін деген тұжырым жасады.

XS
SM
MD
LG