2022 жылы интернетті әдейі өшіргеннен Тәжікстан экономикасына 2 млн доллар шығын келді деп хабарлайды Tpo10VPN.com.
Портал мәліметінше, былтыр Тәжікстанда жалпы алғанда 936 сағатқа интернетті сөндірген. Одан 78 мың адам зардап шеккен.
Осылайша Тәжікстан интернетті сөндіргеннен зардап шеккен 23 елдің ішінде 19-орында тұр.
Портал мәліметінше, былтыр Қазақстанда 144 сағат интернет болмаған. Одан мемлекетке 410 млн доллар шығын келген. Интернеттің жоқтығынан 16 млн-нан астам адам зардап шеккен.
Орталық Азия елдерінде наразылық кезінде интернет байланысын өшіру әдетке айналған. Сарапшылардың пікірінше, наразылық жайында жаңалық БАҚ-та, видео және суреттер әлеуметтік желілерде жарияланып кетпеу мақсатында интернет әдейі сөндіріледі.
Былтыр Қазақстанда кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы кезінде елде бірнеше күн интернет өшірілген. Азаматтардың тәуелсіз ақпарат алу мүмкіндігі шектелген.
Былтыр мамырда Тәжікстанда Таулы Бадахшанда халық жаппай наразылыққа шыққан кезде бір жарым ай бойы бұл елді мекенде интернет байланысы болмады. Тек маусым айының аяғында ғана қосқан. Тәжікстан интернеті өте баяу істейтін елдер қатарына жатады. Мұны кезінде ел президенті де сынға алған.
ПІКІРЛЕР