11 қаңтарда Ресейдің Уфа қаласында Башқұртстанның бірінші президенті Мұртаза Рахимов қайтыс болды. Бұл жөнінде Ресей Федерациясы құрамындағы республика билігі хабарлады.
Марқұм 88 жаста болған. Саясаткер ұзақ жыл бойы Ресей аймақтарындағы ықпалды тұлғалардың бірі болған. Ол басқарған тұста республика Мәскеуден автономдығын едәуір сақтап тұрды.
Мұртаза Рахимов совет одағы кезінде инженер болған, кейін аймақтағы ірі кәсіпорындардың бірі Уфа мұнай өңдеу зауытында директор болып істеді. 1990 жылы Башқұрт автономды совет республикасының жоғарғы кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ол кезде бұл республика аумағындағы ең ірі лауазымды қызмет болған. 1990 жылы Башқұртстан республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды.
СССР құлап, Ресей тәуелсіз ел болған соң Рахимов республиканың Ресей Федерациясына қатысы туралы келісімдерге қол қойған. Республиканың едәуір автономиясы құжатпен бекітілді.
Рахимов 1993 жылы Башқұрстан президенті болып сайланған. Ол бірнеше рет осы қызметке қайта сайланды. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау кезінде федералдық және жергілікті деңгейде заңбұзушылықтар болғанын хабарлаған.