Accessibility links

Қазақстанға заңсыз әкелінген шетел автокөлігін тіркеу 23 қаңтарда басталады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ішкі істер министрлігі Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетел автокөліктерін заңдастыру қашан басталатынын хабарлады.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың хабарлауынша, 11 қаңтарда үкімет мұндай көліктерді тіркеу шарттары мен мерзімін бекіткен. Жаңа тәртіп биыл 23 қаңтардан бастап күшіне енеді.

"Осы күннен бастап біз шетел автокөліктерін заңдастырамыз", - деді Игорь Лепеха.

Министрдің орынбасарының айтуынша, ережеге сәйкес, Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген, іздеуде болмаған, бұрынғы тіркеу орнынан алынған, кеден тазалауынан өткен көліктер заңдастырылады. Ереже жеңіл көліктер, көлемі шағын және орташа автобустар, шағын жүк көліктеріне қатысты.

Көлікті тіркеу үшін техника иесі өтініш толтырып, жеке құжаты, көлік құралының паспорты мен оның иесі екенін анықтайтын құжат әкелуі тиіс.

Көлік тексеруден өте алса, техника иесі бір реттік тіркеу үшін - 200 мың теңге, техникалық құжат үшін – 4313 теңге, мемлекеттік нөмір үшін 9660 теңге төлейді. Осыдан соң көлік тіркеледі.

Лепеханың айтуынша, шетел көліктерін тіркеу – бір реттік акция. Алдағы уақытта Қазақстан азаматтары шетелде көлік сатып алғаннан кейін оны елде он күннің ішінде тіркеуі тиіс болады.

ІІМ мәліметінше, тәртіп 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG