Адам құқықтары мен еркіндіктерін қорғау бойынша берген уәделеріне қарамастан қырғыз билігі соңғы жылы сын айтқандарды және азаматтық қоғамды шектеп келгенін халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы 2022 жылдың қорытындысында арналған баяндамасында мәлімдеді.
Онда үкіметтік емес ұйымдарға қысым, түрмедегі жағдай, отбасылық зомбылық, азаматтық және саяси құқықтардың шектелуі, ерекше адамдардың құқықтары секілді мәселелермен қатар сөз еркіндігінің жағдайына да баға берілген.
Жылдық баяндамада тәуелсіз журналистерге, блогерлерге және БАҚ-қа қарсы қозғалған қылмыстық істер сөз еркіндігіне қатер төндіріп жатқанының көрсеткіші екені айтылған.
"Елде тәуелсіз журналистер, блогерлер мен ақпарат құралдары үстінен қылмыстық істер қозғалып, сөз бостандығы қысымға ұшырады. Қазан айында мәдениет министрлігі Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыс туралы видео жариялаған "Азаттык Медиа" сайтын бұғаттады. Видеода тәжік жағының көзқарасы айтылған. Наурыз айында Бішкек орталығында митинг өткізуге тұтас тыйым салынды, ізінше тыйым бүкіл қалаға жайылып, мерзімі желтоқсанға дейін ұзартылды. Мұндай шешім жарияланған жоқ, ол жөнінде Ресейдің Украинаға басқыншылығына наразылық білдірген бірнеше белсенді ұсталған соң белгілі болды" деп жазылған HRW баяндамасында.
Баяндамада сонымен бірге былтыр маусым айында ResPublica газетінің сайты екі айға, тамызда 24.kg ақпарат агенттігінің сайты бұғатталғаны, наурызда Next TV телеканалының кеңсесі жабылып, директоры Таалайбек Дүйшенбиев абақтыда отырып шыққаны, Temirov LIVE зерттеу агенттігінің жетекшісі Болот Темиров елден шығарылғаны жазылған.
Ұйым есебінде сонымен бірге мүгедектігі бар адамдардың құқықтары бұзылғаны, азаптау жалғасып жатқаны айтылған.
Бұған дейін "Институт Медиа Полиси" Қырғызстандағы сөз бостандығы ахуалына байланысты мониторинг жүргізіп, елде 2020 жылдың қазаны мен 2022 жылдың наурызы аралығында елдегі сөз еркіндігінің жағдайы нашарлағанын мәлімдеген. Халықаралық Human Rights Watch ұйымы және Норвегияның Хельсинки комитеті Қырғызстан билігін тәуелсіз БАҚ-ты қудалауын тоқтатуға үндеген.
HRW сарапшыларының пікірінше, елде сөз бостандығы нашарлағанын жуырда 20 белсенді мен саясаткердің ұсталғаны да айғақтай түседі.
Ал билік Қырғызстанда сөз бостандығы бұзылмайтынын бірнеше рет мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР