Accessibility links

Өзбекстанның бұрынғы басшысы Рафик Нишанов қайтыс болды


Өзбекстанның бұрынғы басшысы Рафик Нишанов
Өзбекстанның бұрынғы басшысы Рафик Нишанов

Өзбекстанның бұрынғы басшысы Рафик Нишанов 97 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Ол совет одағы құламай тұрып Өзбекстанды бір жарым жыл басқарған.

Мамандығы бойынша тарих пәнінің мұғалімі Нишанов саяси карьерасын компартиядан бастаған, Ташкент қалалық атқару комитетіне жетекшілік еткен. Өзбек компартиясының идеология жөніндегі хатшысы болған. Совет билігі тұсында Шри-Ланка, Мальдив Республикасы мен Иорданияда елші болған.

Өзбекстан ССР сыртқы істер министрлігін басқарған, кейін республика парламентіне төрағалық етті. 1988 жылы Өзбекстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Оның алдында Өзбек ССР жетекшісі Инамжон Османхожаев жемқорлық бойынша айыпталып, қызметінен босатылған. Республикада түрлі деңгейдегі бірнеше мың басшы қамалған.

1989 жылы Нишанов республиканы басқарып тұрған тұста Ферғана аңғарында өзбектер мен месхет түріктер арасында қанды шайқас болды. Сол кезде Нишанов Мәскеуде қақтығыс "бір тәрелке құлпынайдан" туындады деп мәлімдеп, сол үшін сынға қалған.

Ферғана аңғарындағы қақтығыстан 103 адам қаза болған, 16 мың месхет түрік аймақтан эвакуацияланды. Жыл соңына дейін аймақта коменданттық тәртіп күшінде болды. Екі жыл ішінде Өзбекстаннан осы ұлттың 90 мыңнан астам өкілі басқа жаққа қоныс аударды. Ол кезде Өзбекстандағы билік Нишановтың "адамы" болашақ диктатор Ислам Каримовқа өткен еді.

Нишанов Мәскеуге жіберіліп, жоғарғы кеңестің екі палатасының бірі ұлттар кеңесіне жетекшілік етті. Ол СССР-ды сақтауға тырысқан жаңа одақ туралы келісім бойынша бастама көтергендердің бірі атанған. Алайда көп ұзамай СССР құлады. Бұдан соң ол зейнеткен шығып, Мәскеу тұрып, мемуарлар жазды.

XS
SM
MD
LG