Accessibility links

ISW "Ресей әскері Соледарды алғанын" жазады. Киев "шайқас жалғасып жатыр" дейді


Соледар қаласындағы шайқас. 5 қаңтар 2023 жыл.
Соледар қаласындағы шайқас. 5 қаңтар 2023 жыл.

"Ресей әскері Украинаның Донецк облысындағы Соледар қаласын басып алу мақсатына жеткен сияқты, бірақ бұл Бахмут қаласын қоршауға жол аша қоймайды" деп мәлімдеді америкалық Соғысты зерттеу институты (ISW). Ал Украина тарабы "Ресей Соледарда басымдық қолға алған жоқ" дейді.

"Ресей әскері Соледардың бәрін басып алмаса да, қаланың басым бөлігін бақылауда ұстап отыр және Украина әскерін қаланың батысынан ысырып тастауы мүмкін. Бұған 11-12 қаңтарда жарияланған суреттер мен видеолар негіз бола алады" деп жазады ISW.

Ресей қорғаныс министрлігі Соледарды алғаны жайлы әзірге ештеңе айтқан жоқ, бірақ Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ресейлік әскерилерді сәтті қадамымен құттықтады.

"Украина президенті Владимир Зеленскийдің 12 қаңтардағы әскеріміз Соледардағы позициямызды сақтап тұр деген мәлімдемесі қаланың өзіндегі емес Соледар маңындағы қорғаныс жайлы болуы мүмкін" деп жазады ISW.

Институт сарапшылары Ресей Соледарды алса да, бұл Бахмуттағы Украинаның позициясына бақылау орнатуға мүмкіндік бермейді деп санайды.

Зеленскийдің кеңесшісі Михаил Подоляк "Ресей басшылары көп шығынға қарамастан Соледарға бүкіл әскери күшін әкеліп соғысып жатыр, олар басымдықты қолға алған жоқ" деп мәлімдеді.

"Ресей Соледарға соғысуға жарайтын бүкіл әскерін жіберді, онда келісім шартпен әскерге алынғандар, арнайы жасақ, десанттар соғысып жатыр. Бұл – Ресей әскерінің "қалдығы". Мұнда қайда баруды, соғысуды білмейтін "зэктер" (түрмеден шыққандар - Ред.) де жүр. Оған қоса, "Вагнер" жалдама тобының мүшелері де бар" дейді Подоляк.

Ал Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр "Соледардағы түн атыспен өтті, шайқас жалғасып жатыр" деді. Ол да "Ресей бүкіл әскери күшін Донецк бағытына салып, шабуылдап жатқанын", "Украина әскерилері қорғанысты ұстап тұрғанын" айтты.

Бұған дейін Украина президентінің кеңесшісі Алексей Арестович Соледардың шығысы Ресей әскерилерінің, батысы мен солтүстігі Украинаның бақылауында екенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG