Accessibility links

Қазақстанда кедейлер көбейген. Министр мұны жоғары инфляциямен байланыстырады


Қазақстанда тұрмыс төмен адамдардың саны артқан. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға сілтеме жасап, Tengrinews.kz сайты хабарлады.

Министрдің дерегінше, былтыр кедейлердің үлесі 4,9 пайыз болса, биыл 5,1 пайызды құраған.

"Жоғары инфляция азаматтарды табысынан айырып жатыр. Халық табысының көбін азық-түлікке жұмсайды. Мысалы, 150 мың теңгені алсақ, бұл қаржының 60-70 пайызы тамаққа кетеді, ал отбасының басқа қажеттілігіне ақша жетпейді. Бұл жағдай әр отбасына әсер етіп жатыр" дейді Дүйсенова.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда инфляция 20,3 пайызға жеткен, бұған азық-түлік бағасының қымбаттауы – бір себеп. Былтыр желтоқсанда еңбек министрі елдегі кедейшілікке қатысты "жалақы, әлеуметтік төлем өсіп жатыр, адамдардың қажеттілігі де, баға да өседі. Бұл тұрмысы төмен азаматтарды ылғи бөліп көрсетіп тұрады. Кедейлер мүлде болмайды деуге де келлмес, бірақ адамдарға қолдау көрсетіп, кедейлікті азайтуға болады" деген еді.

Ал мәжіліс депутаты Жәмила Нұрманбетова айлық есептік көрсеткішті қолдануды тоқтатып, әлеуметтік төлем төлегенде шынайы жағдайға қарауды ұсынған.

2022 жылы мамырда еңбек министрлігі Азаттықтың сауалына жауап бергенде "ең төменгі жалақы мен кедейлік шегін қайта қарастырмайтынын" мәлімдеген. Министрліктің өкілі Асқар Ниязов үкімет бұл екі көрсеткішті төмендетсе "халықтың белсенділігі түсіп, үйде отырып алатындар көбейіп кететінін" айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG