Accessibility links

Алматыда біреулер журналист Динара Егеубаеваның көлігіне от қойған


Динара Егеубаеваның өртенген көлігі. Алматы, 14 қаңтар 2023 жыл.
Динара Егеубаеваның өртенген көлігі. Алматы, 14 қаңтар 2023 жыл.

14 қаңтарға қараған түні Алматыда белгісіз біреулер журналист Динара Егеубаеваның көлігінің терезесін шағып, от қойған. Бұл жөнінде журналистің өзі және белсенділер, "Не дейді?" YouTube-арнасы хабарлады.

Арнаның хабарлауынша, көліктің салоны түк қалмай өртеніп кеткен. Журналист тікелей эфир кезінде мұны "өз өміріне жасалған қастандық" деп бағалады.

"Салонның ішінде кірпіш жатыр. Оны көліктің артқы әйнегінен лақтырған. Мен есеңгіреп қалдым... Көлік аулада тұр. Оның жанында өзге көліктер тұр. Жарылыс болуы мүмкін еді. Өте үлкен. Онда бірінші қабатта тұратын адамдар қаза табуы мүмкін еді. Олардың не істеп жатқанын түсінесіздер ме? Полиция, өрт сөндірушілер келді... Бұл Тоқаевтың "Жаңа Қазақстаны" деді журналист Динара Егеубаева тікелей эфир кезінде.

Кейбір белсенділер оқиғаны жуырда Динара Егеубаеваның мәжіліс сайлауына қатысатыны жайлы мәлімдемесімен байланыстырып, оқиғаға билікті кінәлады.

Полиция әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді. Билік өкілдері де реакция танытпады.

Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптаулар, сот пен тергеудегі әділетіздіктер туралы көп хабар таратып келе жатқан журналист Динара Егеубаева былтыр қарашада белгісіз біреулер көлігінің әйнек тазалағышын желімдеп, құлпысын бұзып, дөңгелегінің желін шығарып кеткенін айтқан. Ізінше журналист үйіне тағы полиция қызметкерлері келгенін хабарлаған.

Қазақстанда журналистер кәсіби қызметіне байланысты тосқауыл-кедергілерге жиі ұшырайды. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан 180 елдің арасында 122-орында тұр. Елде сөз бостандығының ахуалы күрделі деп бағаланады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG