Орал сотында қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Эдик Болатовтың ісі бойынша сот басталды. Оны "пара алуға оқталды" деп айыптайды. Тергеу органдарының болжамынша, Болатов жергілікті халық арасында "Трамадол королі" атанып кеткен тұрғын Николай Карповты "бопсалаған".
13 қаңтарда негізгі сот процесі басталды. Бұған дейін сот тыңдауы қорғау тарабының өтінішімен бірнеше рет шегерілген. Болатовтың адвокаты Руслан Шағатаев соттан өзі қорғап отырған азаматына іс материалдарымен танысуына мүмкіндік беруді сұраған.
Айыптау тарабының пікірінше, айыпталушы Николай Карповтан 7 млн теңге талап еткен немесе оны "қорғағаны үшін" көлігін беруді сұраған.
— 2021 жылдың қазан айының басында Орал қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатов Карповтың заңды бұзып, дәрігердің нұсқаулығынсыз есірткіге тәуелді адамдарға медициналық препаратты заңсыз сатумен айналысқанын біле тұра құқық қорғау органының қызметкері ретінде пара алмақ болған. Жемқорлыққа қарсы заңның 13 бабын бұзған, – деді айыптау актісін оқыған прокурор.
Айыптау жағының айтуынша, полиция қызметкері Карповқа оны ұстамауға уәде беріп, сол үшін ақша талап еткен. Прокурордың сөзіне қарағанда, Болатов "медициналық препараттарды заңсыз сатумен" айналысқан Карповты "қорғауға да" уәде берген.
Іс материалдарына сүйенсек, 2022 жылы 3 ақпанда Карпов Эдик Болатовқа пара ретінде 450 мың теңге берген. Сол уақытта Болатов ұсталған.
Эдик Болатов тағылған айыптарды толық жоққа шығарады. Оның адвокаты бұған дейін ақша салынған пакеттен Болатовтың саусақ іздері табылмағанын, ал істе полицейдің ақша бопсалағанын дәлелдейтін айғақтар жоғын алға тартқан.
Николай Карпов анальгетиктерді заңсыз таратқаны үшін бірнеше рет ұсталған. Бірақ қылмыстық іс қозғалмаған.
Бұған дейін Оралда тұрғындар акция өткізіп, Карповты қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап еткен еді. Олардың сөзіне қарағанда, көп қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде "Трамадол" заңсыз сатылады.
"Трамадол" – опиоидты анальгетик, синтетикалық препарат. Дәрігерлер бұл дәріні отадан кейін және қатерлі ісіктің соңғы кезеңдерінде ауырсынуды басуға береді. Бұл дәрі тәуелділік туғызады. Препаратты дәрігердің рецепт қағазынсыз сатуға болмайды. Бірақ есірткіге тәуелді адамдар "Трамадолды" еш қиындықсыз тауып жатыр.