14 қаңтарда таңертең Ресей армиясы украин аумағын тағы атқылады. Зардап шеккендер жөнінде ақпарат жоқ.
Киев облысында таңғы алтыда жарылыс естілді, деп хабарлады аймақ әкімшілігінің жетекшісі Алексей Кулеба. Кейін ол маңызды инфрақұрылым нысандарының бірінде өрт болғанын айтты. Алдын ала мәлімет бойынша, ешкім зардап шекпеген.
Киев мэрі Виталий Кличко да Киевтің Днепропетровск ауданында жарылыс болғанын хабарлады. Украина президенті кеңсесінің айтуынша, қаладағы маңызды инфрақұрылым нысандарына соққы жасалған. Біраз уақыттан соң Кличко ракета сынықтары Киевтің Голосеев ауданындағы адамдар тұрмайтын ғимаратқа құлағанын, өрт шыққанын айтты. Зардап шеккендер жоқ.
Киевтің Дарницкий ауданында ракета сынықтары көлікті бүлдірген.
Бұдан бөлек, Киев облысында 18 тұрғын үй бүлінген.
Харьковта C-300 тобына кіретін екі ракета Индустрия ауданына құлады, деп жазды Харьков облысы әкімшілігінің жетекшісі Олег Синегубов. Оның сөзіне қарағанда, қала мен облыста электр жабдықтары бүлінген болуы мүмкін.
Николаев облысында таңғы алтыда Очаков қаласы мен Очаков ауруханасы атқылауға ұшыраған, деп хабарлады аймақ басшысы Виталий Ким. Соның салдарынан көп қабатты тұрғын үйлердің терезесі сынып, азаматтық инфрақұрылым нысандарының бірінде өрт болған. Гараж бен екі көлік өртенген. Зардап шеккендер жоқ.
Запорожье қалалық кеңесінің хатшысы Анатолий Куртев те 14 қаңтарда таңертең қалаға шабуыл жасалғанын хабарлады.
Черкасс облысының әскери әкімшілігінің жетекшісі Игорь Табурец сенбі күні күндіз Ресей тағы да зымыранмен шабуыл жасауы мүмкін екенін мәлімдеді.
Ресей қорғаныс министрлігі әзірге шабуылдарға түсініктеме берген жоқ.
Украина сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Украинаның азаматтық және маңызды инфрақұрылымдарына келген шығын көлемі 127 млн доллардан асқан.