Accessibility links

Чехиядағы президент сайлауы: Алғашқы турда отставкадағы генерал Петр Павел озды


Петр Павел
Петр Павел

Чехияда президент сайлауының алғашқы турында отставкадағы генерал Петр Павел жеңіп шықты. Сайлау учаскелерінің 99 пайызындағы дауысты санағаннан кейін осындай ақпарат айтылды.

Соңғы мәліметке қарағанда, Павел 35,27 пайыз дауыс жинап, басты қарсыласы – бұрынғы премьер-министр Андрей Бабиштен озған. Бабиш 35,12 пайыз дауыс алған.

"Бабишпен арамызды жүздеген дауыс бөліп тұр. Андрей Бабиштің айтуынша, менің саясатта тәжірибем аз екен, сол себепті нәтижені жаман деп ойламаймын" деді Петр Павел.

Сайлаудың екінші туры екі аптадан соң болады. Жеңімпаз қазіргі президент Милош Земанды алмастырады. Сарапшылар ЕО-ға мүше ел басшыларының арасында ресейшіл көзқарасымен ерекше көзге түскен Земанның 24 ақпаннан кейін Ресейге қатысты көзқарасын күрт өзгертіп, Мәскеуді сынай бастағанын айтқан.

Бұрынғы премьер-министр, миллиардер Бабиш – қазір елдегі ірі оппозициялық партияға жетекшілік етеді. "Еуроодақтан дотация алу кезінде алаяқтық жасады" деп айыпталған Бабишті осы аптада сот ақтап шыққан. Бабиш сайлаушыларының басым бөлігін зейнеткерлер мен табысы аз адамдар құрайды.

Петр Павел - Чехия және бұрынғы совет блогының құрамында болған елдер тарихында НАТО-ның әскери комитетін басқарған ( 2015–2018 жылдары) тұңғыш әскери қызметкер. Ресейдің Украинаға басқыншылығын қатаң айыптаған, Чехияның Батыспен қарым-қатынасы күшейгенін қолдайды. Оны негізінен оңшылдардың жақтастары, консервативті және либерал көзқарастағы адамдар қолдайды.

XS
SM
MD
LG