Accessibility links

Иран Ресейден Су-35 әскери ұшақтарын алмақ


Ресейдің Су-35 әскери ұшағы.
Ресейдің Су-35 әскери ұшағы.

Иран әскери әуе күштерін нығайтуға Ресейден қазіргі заманғы Су-35 ұшақтарын алмақшы. Бұған қоса Тегеран Мәскеуден әуе шабуылынан қорғану жүйелерін, ракета қондырғылары мен тікұшақтар алуға тапсырыс берген. Бұл туралы Иранның "Тасним" агенттігіне сұхбатында Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі Шахриар Хейдари мәлімдеген.

Оның сөзінше, Иран Ресейден осы қару-жарақты наурыз айының басында алуды жоспарлап отыр. Осылайша Хейдари Иранның Ресейден қазіргі заманғы әскери әуе техникасын алатынын растаған алғашқы ресми тұлға болып отыр. Бұған дейін Батыс баспасөзі барлау қауымдастығындағы дерек көздеріне сүйеніп, Иран мен Ресей арасында осындай мәміле жасалған болуы мүмкін деп хабарлаған. Израильдің 12-телеарнасы Ресей әу баста Египетке сатпақ болған 24 ұшақты Иранға беруі мүмкін деп топшылаған. Египет кейін ол ұшақтарды сатып алудан бас тартқан, оған АҚШ қысым жасаған болуы мүмкін деген болжам айтылған.

Былтыр желтоқсанда АҚШ президенті Джо Бейден әкімшілігінің өкілдері журналистерге Ресей мен Иран арасында әскери сала бойынша әріптестік "бұрын-соңды болмаған деңгейге" жетті деп хабарлаған. Бұл Ирандағы аятоллалар және Ресейдегі президент Владимир Путиннің режимдерін Батыс елдері оқшаулаған тұстай болып отырған жайт.

Ресей Ираннан алған әскери дрондарды Украинаға шабуылға белсенді пайдаланып келеді. Иран әскери мамандары арнайы келіп, Мәскеу аннексиялап алған Украина жерінде Ресей армиясын осы дрондарды қолдануға машықтандырып жүр деген ақпарат тараған.

Ақ үй Ресейдің Иранға әскери ұшақтар беруі аймақтағы күштердің тепе-теңдігін бұзуы мүмкін деп ескерткен. Иран қарулы күштеріндегі ең жаңа деген ұшақтарды 1990-жылдардың басында қолға түсірген. Бірақ қосалқы бөлшектер тапшы болғандықтан оларды бабында ұстау аса қиынға соғатын тәрізді.

  • Ресей армиясы жау тылындағы нысананы бомбалап, ракетамен атып жоюға арналған Су-34 әскери ұшағын 2014 жылдан бері пайдаланып келеді, өзге елдерге де сатып алуға ұсынады. Украина армиясы әуе шабуылына қарсы жүйелермен толығып жатқандықтан Ресей ол елге қарсы ашқан соғыста бұл ұшақтарды шақтап қолданады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG