Accessibility links

"Қазақтың шері айтылуы керек". Көрермен "9 грамм" пьесасынан Алтынбек Сәрсенбайұлының образын көрді


Бақыт Беделханның "9 грамм" қойылымынан көрініс. 16 қаңтар 2023 жыл.
Бақыт Беделханның "9 грамм" қойылымынан көрініс. 16 қаңтар 2023 жыл.

16 қаңтарда Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында жас актерлер ақын Бақыт Беделханның "9 грамм" пьессасын сахналады. Автор бұл шығармасын "тағдырын 9 грамм қорғасын қиған Алаш арыстарына арнадым" дейді. Бірақ көрермен қойылымды "Алтынбек Сәрсенбайұлы туралы спектакль" деп қабылдады.

"ШЫНДЫҒЫ ЖОҚ ҚОҒАМҒА, ШЫҢНАН ТҰРЫП ҚАРАДЫМ"

Театр сахнасы. Қойдың құмалағын сүйреген қоңыз-адамдар ортаға беттеді. Ақ пен қараның айқасы. Кейін сахнаға "Шындық", "Көке" және діндар мен тағы бес адам шығады.

Әуелі "Шындыққа" шапан жауып, кеудесіне медаль тағып, әрбір сөзін іліп алып, қошеметтеп жүрген тобыр бір сәтте оны жалғыз тастап, "Көкенің" маңайына топтасады. "Шындықтың" сыртынан тас атады. Адалдықтың символы ретінде шыққан "ақ қанатты періште" де "Көке" мен оның жақтастарына сусын тасиды. "Шындықтың жан досымын" деген діндар да көп ұзамай "Көкенің" жанынан табылады. Ең соңында діндар өз қолымен "жан досының" тағдырын 9 грамм қорғасынға байлайды. "Көке" мен оның айналасындағылар "шындықты" жоқтайды. Шымылдық.

Діндар досы "Шындықты" атып жатыр. "9 грамм" қойылымы. Алматы, 16 қаңтар 2023 жыл.
Діндар досы "Шындықты" атып жатыр. "9 грамм" қойылымы. Алматы, 16 қаңтар 2023 жыл.

Пьеса авторы, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделханның сөзінше, 50 минуттық "9 грамм" пьеасасы – интеллектуалды поэтикалық драма, бастан-аяқ ақ өлеңмен жазылған.

Бас кейіпкер "Шындық" қойылымда мынандай монологтар оқиды:

Тарыдай шашылған қазақтың,

Тағдырын ойлап, шөккен кім?

Өкінішпен өткен кім?

Қара нарыңның қабырғасын сөккен кім?

Қара халықтың қанды жасын төккен кім?

****

Шындығы жоқ қоғамға, шыңда тұрып қарадым.

Өтірігі өңмеңімнен өткен жоқ.

Алаяқ, арсыз жандарға, адалдығыммен алдандым.

Ал, Алашыма өкпем жоқ!

***

Мен - әлгі ордадан кетсем де, ортаңнан әлі кеткем жоқ!

Мен - ортаңда едім, елмен бірге киеліңді атқанда!

Мен - ортаңда едім, қаңтардағы қанды ауызды қақпанда...

***

"ӘЛИХАННАН АЛТЫНБЕККЕ ДЕЙІНГІ АЛАШ АРЫСТАРЫНА АРНАЛДЫ"

Автор пьесада "нақты ешкімнің атын атап, түсін түстемегінін", "көрермен іздеген кейіпкерін өзі тауып алатынын" айтты.

- Бұл – Әлиханнан (Бөкейханов – Ред.) Алтынбекке (Сәрсенбайұлы – Ред.) дейінгі Алаш арыстарының рухына бағышталған спектакль. Бүкіл алаштықтардың рухына арналған дүние. Алаштың кешегі рухы – бүгінгі жаңа Қазақстанға, әділет іздеп отырған Қазақстанға керек. Бұл жерде нақты бір адамның атауы жоқ. Кейіпкерлердің барлығы жиынтық бейне. Кім қалай қабылдайды, солай көреді. Мұның ерекшелігі де сонда, - деді Бақыт Беделхан.

"Көке" рөлін сомдаған актер Даңғыл Мұратұлы.
"Көке" рөлін сомдаған актер Даңғыл Мұратұлы.

Мүсірепов театрында "9 граммды" Алматы облысы Қарасай ауданы жастар театрының актерлері сахналады. Қойылым бұған дейін Алматы облысының бірнеше ауданында көрерменге ұсынылған. Автор мұны "жас актерлер үлкен сахнада абдырап қалмас үшін алдымен аудандарда көрсетіп, шыңдап алдық" деп түсіндірді.

Қойылымды көруге келген жұрт театрға сыймай, баспалдаққа, еденге жайғасты. Бұған әлеуметтік желіде "Алтынбек Сәрсенбайұлының рухына арналған спектакль болады" деген хабарландыру әсер еткен болуы керек. Әсіресе орта жастан асқан ауыл адамдары көп келген. Арасында Қазақстанның белгілі театр қайраткерлері де отырды.

Сахнаға шығып сөз алғандардың барлығы қойылымның Алтынбек Сәрсенбайұлының рухына арналғанын айтып жатты.

"Алтекем өлген жоқ, тірі" деп сөз бастаған қоғам белсендісі, журналист, Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы. – Мен мұны памфлет-пьеса (жағымсыздықты, жамандықты әшкерелейтін, публицистика жанрының өлеңмен жазылған түрі – Ред.) деп атағым келеді. Қоғамдағы біздің болмысты, санадағы сарқыншақты, ел болып еңсемізді көтере алмай отырған бейшара түрімізді әжулап, сатира тілімен бейнелеген драма.

"9 ГРАММ ҚОРҒАСЫН – ҚАЗАҚҚА АТЫЛҒАН ОҚ"

Қазақ ССР халық әртісі, кино және театр актері Асанәлі Әшімов Қарасай аудандық жастар театрының актерлеріне бата беріп, сөзін "Бұл енді барлығымыздың жүрегімізді кезінде ауыртқан үлкен тақырып. Сол тақырыпқа барып отыр. Бұл – барлығымызға белгілі тарих. Анау Алаш азаматтарынан бастап қазақтың басына талай нәубет пен қайғы қасірет өтті. Талай азаматтардан айырылдық. Соның соңғысы – Алтынбек. Алдағы өмірімізді жақсарту үшін, халықтың жағдайы жақсаруы үшін әрекет еткен азаматтардың еңбегі ақталуы керек" деп түйіндеді.

Актер Асанәлі Әшімов (ортада) және автор Бақыт Беделхан (сол жақта) "9 грамм" қойылымынан кейін сахнада тұр. 16 қаңтар 2023 жыл.
Актер Асанәлі Әшімов (ортада) және автор Бақыт Беделхан (сол жақта) "9 грамм" қойылымынан кейін сахнада тұр. 16 қаңтар 2023 жыл.

Спектакльде басты рөлде ойнаған актер Әлішер Мұқашев "Алтынбектің образын сомдап шықтым" деп санайды.

- Негізгі образым Алтынбек болды. Бірақ кешегі Алаш арыстарынан бастап қазіргі күнге дейінгі ел үшін, жұрт үшін құрбан болған азаматтардың жиынтық образын бір адамның бойына жинап бердім. Бұл образды шығару үшін барлық Алаш арысының өмірін зерттедім. Алтынбек ағамыздың мінездерін, қимыл, іс-әрекеттерін қарадым. Содан шыққан жиынтық бейне болды, - дейді Қарасай аудандық жастар театрының актері Әлішер Мұқашев.

Алтынбек Сәрсенбайұлы 1993-2001 жылдары қоғамдық келісім және ақпарат министрлігін басқарған. Кейін Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Қазақстанның Ресейдегі елшісі болды. 2003 жылы оппозицияға өткен еді. 2006 жылы 11 ақпанда Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі көмекшісін ұрлап әкетіп, екі күннен кейін үшеуінің мәйіті Талғар ауданындағы Көктөбе ауылының маңындағы сайдан табылған. Қастандыққа тапсырыс беруші ретінде әуелі Сенат аппаратын басқарған Ержан Өтембаев айыпты деп танылды. Кейін бұл қылмыс экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы, марқұм Рахат Әлиев пен ҰҚК-нің экс-төрағасы Әлнұр Мұсаевқа таңылды.

Жазушы Марат Тоқашбаевтың пайымдауынша, пьеса қазақ қоғамындағы қайшылыққа толы жағдайларды көрермен алдына жайып салған туынды.

- Тобыр менен көпшіліктің, халық пен жеке тұлғаның бейнесі, солардың қатарындағы Алтынбек Сәрсенбайұлының образы жинақы түрде шығарылған. [Қойылымда] Алтынбектің ұлт жолындағы, кешегі Әлихан, Ахметтердің жолын жалғастырушы екендігі көрінеді, - дейді ол.

Тоқашбаев "драманы қосымша толықтыру керек, жаңа диалогтар мен жаңа ойлар қосу арқылы шығарманы байыта түсуге болады" деген ұсынысында айтты.

"9 грамм" қойылымынан көрініс.
"9 грамм" қойылымынан көрініс.

Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театырының актері Жұмағали Маханов "шығарманы Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси жолы" деп есептейді.

- 9 грамм қорғасын – қазаққа атылған оқ. Бұл – қазақтың ішінде жатқан үлкен шер. Ол шер айтылуы керек, мұндай нәрселер әлі де кеңінен айтылуы керек. Бұл – тек бастамасы ғана. Алда әлі талай бомба жарылады, - деп түйіндеді актер.

Автор мен жас актерлер мүмкіндік болса "9 грамм" қойылымын сахнаға қайта алып шығуды жоспарлайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG