Accessibility links

Туыстары Шыңжаңда қамалған азаматтар Қытайдың Астанадағы елшілігіне барды


Туыстары Шыңжаңда қамалған азаматтар Қытайдың Астанадағы елшілігі өкілдерінің шығуын талап етіп тұр . 18 қаңтар 2023 жыл.
Туыстары Шыңжаңда қамалған азаматтар Қытайдың Астанадағы елшілігі өкілдерінің шығуын талап етіп тұр . 18 қаңтар 2023 жыл.

Туыстары Шыңжаңда қамалған 6 адам сәрсенбі күні Қытайдың Астанадағы елшілігіне барды. Олардың арасында Байболат Күнболатұлы, Ақиқат Қалиолла бар.

"Туыс-туғандарымызды іздеп келдік. Бізді елшіліктің ақымақ қылғанына көп уақыт болды. Отбасымызды жіберсін. Бізге жауап берсін. Отбасымыз қайда? Менің шешем қайда? Менің екі інім қайда? Дереу бізге жауап берсін! Елші шық! Консулдық алдында акция жасағанымызға 700-ден астам күн болды. Әлі күнге дейін жауап бермеді" деді Ақиқат Қалиолла Азаттық тілшісіне.

Елшілік маңында көп полиция қызметкері жүрді. Жақын маңға екі газель, бір үлкен автобус қойылған.

Наразылар Қытай елшілігінің қақпасын қаққанмен ешкім шықпады. Алматыдан келгендер егер елшіліктен жауап ала алмаса, бүгін осы жерде қонып шығатынын да айтты. Олар полицейлерге қарата "Қытайға болыспаңыздар, туыстарының бостандығын талап етіп келгендерді ұстамаңыздар" деді.

Наразылар елшілікке кіруге ұмтылғанмен полицейлер оларды кіргізбеуге тырысты. Алматы ауданы әкімдігінің өкілі оларға "Қытай елшілігінің сіздерді қабылдауы шарт емес. Қазақстан сыртқы істер министрлігіне баруға кеңес беремін" деді.

Бірақ наразылар бұған келіспеді. Сәлден соң наразыларды елшілік ішіне жіберді.

Байболат Күнболатұлының айтуынша, оларды ішке кіргізгенмен іштегі есіктен әлі өте алмаған. "Сол себепті бізді қабылдайтыны-қабылдамайтыны белгісіз" деді ол.

Шамамен бір сағаттан соң наразылар Қытай елшілігінен шықты. Оларды елшілік ішінде ешкім қабылдамаған. Олар Қазақстан бас прокуратурасы мен әкімдік өкілдерінің өздеріне шараның заңсыз екенін ескерткенін айтты. Олар бұдан соң сыртқы істер министрлігіне қарай жылжыды.

  • Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүрген топтың Алматыдағы Қытай консулдығы және Астанадағы елшілік алдында наразылық өткізгеніне 710 күннен асқан. Олардың наразылығы 2021 жылдың ақпанынан басталған еді. Наразылық ұйымдастырып жүргендер "Шыңжаңда туыстарымыз үйқамақта я түрме, лагерьде. Олар жақындарымызды Қытай билігі Қазақстанға жібермей отыр" дейді.
  • Қытай консулдығы мен елшілігінен наразылардың алдына осы күнге дейін бірде-бір адам шықпаған. Қытайдың Қазақстандағы елгісі Чжан Сяо 2021 жылы наурызда Шыңжаңда ұсталғандар "Қытай азаматы" және "Қытай заңын бұзған" деп мәлімдеген. Наразылар елшінің бұл сөзін сынға алып, оны елден шығаруды талап еткен.
  • Қытай консулдығы алдында наразылыққа шығып жүргендер "бейбіт митинг заңын бұзды" деген айыппен бірнеше рет айыппұлмен жазалғанған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG