Қазақстан мен Франция арасында қылмыстық істерді бірігіп зерттеу бойынша ынтымақтастық жүзеге асырылып жатыр. Мәжілісте ратификацияланған келісімде сотталушыны беру және экстрадициялау қарастырылмаған. Бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің экстрадициясы туралы сұраққа жауап берген бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев осылай деп мәлімдеді.
Оның сөзінше, Франциямен бар-жоғы үш келісім бар.
"Мәжіліс қабылдаған бірінші келісім тергеу жүргізу кезіндегі құқықтық көмекті қарастырады. [Сотталушыны] экстрадициялауды қарастыратын келісімдер де бар" деді Шындалиев.
Оның сөзінше, ресми Астана мен Париж қол қойған келісімде тергеу, тінту жүргізу мәселелері қарастырылған.
"Әблязов экстрадициясына келсек, кезінде сауал жолдағанбыз. Оны беру-бермеу мәселесін Францияның өзі шешеді" деді ол.
Әсет Шындалиевтің айтуынша, 29 елмен осыған ұқсас келісім жасалған.
Қазақстан парламентінің төменгі палатасы Қазақстан мен Франция арасында қылмыстық істерді тергеу бойынша ынтымақтастық орнату туралы келісімді бекіткен. Келісімге сәйкес, тараптар бір-біріне кез келген қылмысқа қатысты процедура бойынша құқықтық тұрғыда көмектеседі.
2020 жылғы қыркүйекте Франция Әблязовқа саяси баспана берген. Алайда 2021 жылы желтоқсанда Францияның мемлекеттік кеңесі шешімнің күшін жойып, істі босқындар ісі жөніндегі ұлттық соттың қайта қарауына жіберген.
2022 жылы желтоқсанда Франция соты қазақстандық оппозиционер Мұхтар Әблязовтің саяси баспадан айыру шешіміне апелляциясын кері қайтарған. Әблязовтың өзі шешімді заңсыз деп атап, оған шағым түсіретінін айтқан. Әблязовтың айтуынша, француз сотының мұндай шешім шығаруына "Қазақстанның ұзақ әрі күшті қысымы" себеп болған. Ал Қазақстан бас прокуратурасы экс-банкир Мұхтар Әблязовты елге қайтаруға барынша күш салатынын мәлімдеген.
2022 жылы қараша соңында Францияда шығатын Le Figaro басылымы Қазақстан мен Франция президенттерінің 30 қарашадағы Парижде өткен кездесуі кезінде Мұхтар Әблязов ісі де талқыланды деп жазған. Кейін Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бұл ақпаратты жоққа шығарған. Бұл іс "құқық қорғау және сот органдарының құзырындағы мәселе, сондықтан ол саяси деңгейде талқыланбайды" деген еді Василенко.
Халықаралық Human Rights Watch ұйымы француз билігін Әблязовті Қазақстанға экстрадицияламауға, оны өз елінде әділетсіз сотқа тартуы мүмкін екенін мәлімдеген.
- Бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов Қазақстаннан кеткенге дейін БТА банкті басқарған. Қазақстан оны миллиардтаған долларды жымқырды деп айыптайды. Әблязов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, істің саяси астары барын айтады. Астана ол құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.