Accessibility links

Қаңтар оқиғасы: Әскери сот малшы Қырықбаевты атты деп сотталған әскери Злуняевтің үкімін өзгертпеді


Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғандағы әскери бөлім маңында малшыны атты деп айыпталған Марк Злуняев. Алматы, 16 қараша 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғандағы әскери бөлім маңында малшыны атты деп айыпталған Марк Злуняев. Алматы, 16 қараша 2022 жыл.

Бүгін, 18 қаңтарда Қазақстанның әскери соты Талдықорғандағы шабуылдаушы әскери десант бөлімінің қызметкері Марк Злуняевқа шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. Осылайша Злуняевтің аппеляциялық шағымы қанағаттандырылмады. Бұл туралы Азатыққа жәбірленуші тараптың адвокаты Берден Қадыр хабарлады.

Алматы әскери соты былтыр 16 қарашада «Қаңтар оқиғасы күндері Талдықорған қаласындағы әскери бөлім маңында мал бағып жүрген 24 жастағы Ерназар Қырықбаевты атты» деп, алты жылға түрме жазасын кескен.

- Злуняев пен оның адвокаты үкіммен келіспейтіндерін айтып, өздерін ақтауды сұрап апелляциялық шағым түсірген. Мен ол шағымға қатысты пікірімді қалдырып, үкіммен біздің де келіспейтінімізді жаздым. Қай тұста келіспейміз? Біз істі "Билік өкілетін асыра пайдалану" емес, "Қасақана адам өлтіру" бабы бойынша қарауды сұрадық. Оған өз уәжімізді келтірдік. Бірақ сот алғашқы инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды, - деді жәбірленуші жақтың адвокаты Берден Қадыр.

Адвокаттың сөзінше, бүгінгі сотқа екі жақтың адвокаттары қатысқан. Бұл үкімнен кейін Алматының әскери сотының үкімі заңды күшіне енді.

Бұған дейін Марк Злуняевтің өзі де оның адвокаты да үкіммен келіспейтінін мәлімдеген. Злуняевтің адвокаты әскери қызметкер Қаңтар кезінде «міндетін орындап, әскери бөлімді қорғады, сол үшін оны ақтау керек» деген.

Сотта сөйлеген Талдықорған қаласындағы шабуылдаушы әскери десант бөлімінің басшылары "оққа ұшқан Ерназар Қырықбаев әскери бөлімге қауіп төндіретін жерге дейін жақындағанын", "күдіктінің әрекеті дұрыс болғанын" айтқан.

Талдықорғандағы "Қаңтар"
please wait

No media source currently available

0:00 0:19:30 0:00

24 жастағы Ерназар Қырықбаев 5 қаңтарда Талдықорған қаласындағы әскери гарнизон шетінен өтіп бара жатқанда атымен қоса оққа ұшқан. Оны іздеп барған жұмысшыларға да жауынгерлер оқ атып, қол көтеруге мәжбүрлеген. Жауынгерлер "Тоқта!" деген бұйрыққа бағынбаған салт аттыны атып, жедел жәрдемге салып жібергенін айтқан. Ерназар Қырықбаевтың сүйегін туыстарына бір аптадан соң ғана берген. Оқиғаны тексерген әскери прокуратура көп ұзамай-ақ "әскери қызметкерлердің ісінде қылмыстық сипат бар" деген тұжырым жасаған.

5 қаңтарда Талдықорғанда болған Қаңтар оқиғасы кезінде бірнеше адам қаза болып, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші құлатылған. Дүрбелең аяқталған соң да көлікпен кетіп бара жатқан екі отбасыға жауынгерлер оқ атып, бес адам қаза тапқаны анықталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG