Қырғызстан ішкі істер министрлігінің тергеушілері "Кемпірабад ісі" бойынша материалдарға "құпия" деген белгі басты. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне экс-депутат Орозайым Нарматованың адвокаты Гуляна Убалиева хабарлады.
Заңгердің пікірінше, "құпия" деген мөр басу туралы шешімге ешқандай негіз жоқ, мұндай әрекет істегі азаматтардың ғана емес, адвокаттардың да құқығын бұзады.
– Тергеу тобының жетекшісі іс құпия сақталатынын жариялады. Әзірше қаулымен танысып үлгермедік. Құжатты жақында аламыз. Оның құқықтарымызды бұзатыны анық. Істі құпия ұстауға ешқандай негіз жоқ деп ойлаймыз, – дейді Убалиева.
Ішкі істер министрлігі іс материалдарына не себепті құпия белгісі басылғанын түсіндірмеді.
2022 жылғы қазанда Қырғызстанда 30-ға жуық саясаткер мен белсенді "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға оқталды" деген күдікпен ұсталды. Сот оларды екі айға қамады, желтоқсанда мерзімді тағы екі айға ұзартты. Күдіктілер қылмыстық іс "қолдан құрастырылған" деп есептейді. Олар "Кемпірабад су қоймасы бойынша көзқарастарымызды ашық айтқанымыз үшін қудаландық" деп есептейді. Қырғызстанда белсенділердің қамалуын халықаралық ұйымдар айыптаған.
17 желтоқсанда мемлекеттік "Кабар" басылымына берген сұхбатында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров "Кемпірабад ісі" бойынша қамалғандардың 90 пайызы шекараны мәселесі бойынша жабық талқылауларға қатысқан және мәселе Қырғызстан пайдасына шешілгенін білуге тиіс" деген. Президенттің пікірінше, ұсталғандар "халықты дүрліктіріп", "мемлекет төңкеріс" жасауға тырысқан.
- Қырғызстан мен Өзбекстан билігі арасындағы келісім бойынша Кемпірабад су қоймасының 4957 гектары Өзбекстанға өтеді, қосымша 19,5 гектар жер бөгеттің жұмысын қамтамасыз ету үшін беріледі. Қырғызстанға өтемақы ретінде 1019 жайылым мен Гавасай аумағындағы 12 849 гектар жер беріледі.
ПІКІРЛЕР