Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс және сенат төрағалары, премьер-министрмен мәжілісті тарату және мәслихат өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде "кеңес" өткізді. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.
"Мен қыркүйектегі жолдауымда алда тұрған сайлау науқандары туралы айттым. Соған сәйкес өткен жылдың қараша айында кезектен тыс президент сайлауы өтті. Жуырда сенат депутаттарының бір бөлігі сайланды. Енді мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізуіміз керек" деді президент. Оның сөзінен Ақорда үзінді келтіреді.
Президенттің баспасөз қызметі айтылған ұсыныстарды ескере отырып шешім қабылданады деп жазды. Бұған дейін мәжіліс сайлауының 2023 жылы көктемде өтетіні хабарланған.
Мәжіліс сайлауы аралас партиялық-мажоритарлық жүйе бойынша өтеді. Соңғы өзгерістерге сәйкес, енді Қазақстан халық ассамблеясы мәжіліске депутаттар ұсынбайды.
Облыс, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихаттары да осындай жүйемен сайланады. Аудан және облыстық маңызы бар қалаларда мәслихат депутаттары бір мандаттық аймақтық сайлау округтері бойынша сайланады.
Өткен аптада сенат сайлауы өтіп, парламенттің жоғарғы палатасына елдің 17 облысынан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 20 депутат сайланды, оның төртеуі бұған дейін де депутат болған. Бірен-саран азаматтық белсенділер де өзін өзі ұсынуға талпынып көрген, бірақ тіркеле алмады.
Қазір Қазақстанда тіркелген жеті партия бар: «Аманат», «Ақ жол», Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Ауыл», «Байтақ» және «Respublica» . Былтыр наурызда атауын "Аманат" қылып өзгерткен "Нұр Отан" өзіне "Адал" партиясын қосып алған.
2021 жылы 10 қаңтарда өткен парламент сайлауының нәтижесінде «Аманат», «Ақ жол» және Қазақстан халық партиясы мәжіліске өтті. Алдыңғы шақырылымдарда да осы үш ұйым болған.
Қазақстанда партия құрғысы келетін белсенділер биліктің өздерін тіркеуден өткізбей отырғанын жиі айтады. Мұндай бастамалар 2019 жылдан бері жиі көтеріле бастаған, алайда бастама топтары формалды себептерге байланысты ұйымдарын тіркете алмай жүргенін айтады. Билік партия құруда кедергі барын жоққа шығарады.
Билікті сынайтын және саяси-экономикалық реформаларды талап еткен топтар Қазақстан демократиялық партиясы, Халыққа адал қызмет, "Біздің құқығымыз", "Еркін халық", "Халық таңдауы", "Ел тірегі" партияларын құратынын мәлімдеген. Алайда олардың ешқайсысы әзірге тіркеле алмады.
ПІКІРЛЕР