Accessibility links

"Ханституциялар". Орталық Азия басшылары ата заңдарын қалай түрлендірді?


Орталық Азия президенттері Шолпан-Атадағы кездесуде. Қырғызстан, 21 шілде 2022 жылда.
Орталық Азия президенттері Шолпан-Атадағы кездесуде. Қырғызстан, 21 шілде 2022 жылда.

Түркіменстанның бұрынғы президенті әрі көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов екі жыл бұрын құрылған қоспалаталы парламенттің бір палатасын таратып, екіншісін ықпалды кеңеске айналдыруды ұсынды. Бұл – елдегі бүкіл билікті өз қолына шоғырландыруға тырысатын Орталық Азия басшылары арасында жиі кездесетін құбылыс.

"Бар билігі бір қолға шоғырланған елде халық еркін әрі бақытты бола алмайды" деп жазады АҚШ-тың екінші президенті Джон Адамс.

2020 жылы сол кездегі президент Гурбангулы Бердімұхамедов парламенттің жоғарғы палатасын құруды ұсынды. Бірақ Түркіменстан басшысын халықтың бақытына қарағанда, "Халық мәслихаты" деп аталатын жаңа органның төрағасы болу мүмкіндігі көбірек қызықтырды.

Өйткені ол кезде президент билікті ұлы Сердар Бердімұхамедовке тапсырып, отставкаға кеткелі жатыр еді.

Екі жылдан кейін авторитар мемлекеттегі қоспалаталы парламент тәжірибесі аяқталды. Төменгі палата таратылып, бар билік "Халық мәслихатына" өтті. 15 қаңтарда Гурбангулы Бердімұхамедовтың ұсынысы туралы жазған мемлекеттік ақпарат құралдары парламенттегі өзгерістер туралы осындай хабар таратты.

Орталық Азия басшылары билігін сақтап қалу үшін заң шығарушы органдар мен Конституцияға қалағанынша өзгеріс енгізеді.

Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов әкесі Гурбангулы Бердімұхамедовтың суретінің тұсында. Елді іс-жүзінде Гурбангулы Бердімұхамедов басқарады.
Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов әкесі Гурбангулы Бердімұхамедовтың суретінің тұсында. Елді іс-жүзінде Гурбангулы Бердімұхамедов басқарады.

Түркіменстанның қазіргі басшысы Сердар Бердімұхамедов 21 қаңтарда үкіметті қайта құру бойынша жиын өтеді, президент кеңсесі бұрынғы президент басқаратын "Халық мәслихатының" құзырына кіреді деген жарлыққа қол қойды.

"Бұл ұсыныс Гурбангулы Бердімұхамедовтың эгосын көрсетеді. Оған жоғарғы палатаның төрағасы болу жетпей отыр. Енді ұлт көшбасшысына айналып, барлық билік тармақтарын бақылауда ұстап, "Халық мәслихатының" алдында есеп беруге мәжбүрлегісі келеді" деді түркімен саяси шолушысы Кумуш Байриева.

ПРЕЗИДЕНТ МЕРЗІМІН ЖИІ ӨЗГЕРТУ

Көктемде Түркіменстанға көршілес Өзбекстан да Конституцияға өзгеріс енгізсе, Орталық Азиядағы бес мемлекеттің төртеуінде (Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан) президент мерзімі жеті жыл болады.

Тәуелсіздік жылдары Астана мен Ташкент президент мерзімін біресе бес, біресе жеті жыл етіп өзгертіп келді. Бұл егемендік алғаннан бастап ел тізгінін ұстап келген Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримовтың билікте қалуға талпынысын көрсетсе керек.

2011 жылы Өзбекстан бес жылдық президент мерзіміне оралды. Парламент аталған шешімді "Бұл Ислам Каримовтың әлемнің демократиялы елдеріндегідей реформаларды тереңдетіп, азаматтық қоғам қалыптастырғысы келетінін көрсетеді” деп мақтады.

Ал Каримовтан кейін билікке келген Шавкат Мирзияевтің айналасындағы шенеуніктер әдетте демократиялы емес елдерде кездесетін жеті жылдық президенттік мерзімге оралуды қалай түсіндірер екен?

Әрине, олар бәрін халыққа аудара салады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев та ел конституциясын өзгертіп, президенттік мерзімді жеті жылға ұзартқысы келеді.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев та ел конституциясын өзгертіп, президенттік мерзімді жеті жылға ұзартқысы келеді.

Мирзияев жыл соңындағы халыққа жолдауында "Келер жылы референдумға шығарылатын Конституцияның жаңа жобасында азаматтар айтқан талап-тілектердің бәрі ескеріледі" деді.

Былтыр жазда Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшілері Ташкенттің іргесіндегі фабрика жұмысшыларымен сөйлескен. Олар басшылық Конституция жобасын дайындап жатқан депутаттар атына жолданған хатқа қол жинап алғанын айтқан.

Азаттық тілшісі танысқан хатта "Төменде қол қойған азаматтар Өзбекстанда жүріп жатқан реформаларға дән риза, олар президент мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұзартуды немесе мемлекет басшысын өмір бойына қызметінде қалдыруды сұрайды" деп жазылған.

Өзбекстанның Конституциялық комиссиясының дерегінше, 2022 жылдың 1 тамызына дейін Ата заңды өзгертуге қатысты 117,357 ұсыныс түскен.

Жоғары шенді депутаттардың бірі "Конституцияға өзгеріс енсе, Мирзияевтің осыған дейін ел басқарған жылдары ескерілмей, президент үшінші рет сайлауға түсуі мүмкін.

2010 жылы Қырғызстанда конституциялық реформа жүрді. Бір қызығы, елде конституциялық реформа жүріп жатқанда билікте президент жоқ еді.

Қырғызстанның алдыңғы екі президенті билігін асыра пайдаланып, қара басы мен жақындарын байытумен айналысты. Сондықтан реформадан кейін елде президент билігі әлсіреп, парламент пен премьер-министрге жаңа құзырет берілді.

Бірақ жаңа заң шығарушы орган көптің көңілінен шықпады.

Сыншылар парламентте сайлау науқанын қаржыландыруға шамасы жететін қалталы кәсіпкерлер отырғанын, олар заң шығарушы органдағы орнын сатып алып, енді элитаның мүддесін қорғап жатқанын айта бастады.

Қырғызстанның жаңа президенті Алмазбек Атамбаев парламентті қауіпсіздік қызметімен қорқытып, біртіндеп өзіне бағындырып алды.

Бірақ әлі де президенттің шексіз билігіне кедергі келтіретін бірнеше шектеулер болды.

Мәселен, Атамбаевта қайта сайлану құқығы болмады. Сондықтан ол 2017 жылы президент мерзімі аяқталған кезде қызметінен кетті.

2020 жылы Қырғызстанда саяси толқу басталып, 2010 жылы биліктен қуылған үкімет мүшесі, түрмеде отырған Садыр Жапаров билікке келді.

Түрмеден шығып, президент болған Садыр Жапаров (ортада) та өз елінің конституциясын қайта жазды. Ол заң ел арасында ханституция деп аталып кетті.
Түрмеден шығып, президент болған Садыр Жапаров (ортада) та өз елінің конституциясын қайта жазды. Ол заң ел арасында ханституция деп аталып кетті.

Жақтастарының көмегімен түрмеден босап, президенттікке ұсынылған Садыр Жапаров жемқорлықты жойып, үкіметті басқаруға президент жауапты болатын жүйе құру үшін Конституцияны өзгерту керек деді.

2021 жылы референдум өтіп, Конституцияға өзгертулер енгізілді. Сыншылар жаңа заңды "ханституция" деп атап, парламенттің үкімет мүшелерін тағайындап не қызметінен босату құқығынан айырылғанына наразылық білдірді.

Жаңа Конституцияға сәйкес, президент бір мерзімнен артық сайлана алмайды деген шектеу жойылды.

САНАУЛЫ АДАМҒА ҒАНА БЕРІЛЕТІН АРТЫҚШЫЛЫҚ

Түркіменстандағы үкімет реформасынан кейін Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның үлгісімен мемлекет басшысына конституциялық артықшылықтар берілуі мүмкін.

2016 жылы Тәжікстан Конституциясына өзгертулер енгізіліп, Эмомали Рахмон президент ғана емес, бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – ұлт көшбасшысы деп танылды.

Бұл мәртебе президент пен оның туыстарын қылмыстық қудалаудан құтқарып, Рахмонға мемлекет басшысы қызметінен кетсе де, өмір бойына үкімет шешімін қолдап не кері қайтарып отыру құқығын береді.

Рахмонның орнына билікке президенттің 35 жастағы ұлы Рустам Эмомали келеді деген ақпарат бар.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ұлы Рустам Эмомалимен бірге.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ұлы Рустам Эмомалимен бірге.

Аталған конституциялық артықшылықтар соншалық маңызды ма?

Жоқ, өйткені жылы орнына қалдырып кеткен адамды бақылауда ұстай алмаса, бұрынғы президенттерге ешқандай артықшылық көмектеспейді.

Қазақстанда 2022 жылы қаңтарда жаппай тәртіпсіздік басталмай тұрып, 80 жастағы Назарбаев та "ұлт көшбасшысы", "елбасы" болған.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесінде. Астана, 21 наурыз 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесінде. Астана, 21 наурыз 2019 жыл.

Сұйытылған газ бағасының көтерілуіне қарсы наразылық бүкіл Қазақстанға тарап, 200-ден астам адам қаза тапты.

Назарбаевтың ұлт көшбасшысы мәртебесі мен оның одақтастарының лауазымды қызметтерде қалуы жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігіне көлеңке түсірді.

Қаңтар қырғынынан кейін Назарбаев пен оның туыстары екінші орынға ығысып, Тоқаев билікке таласта жеңіп шықты.

Ол маусымда референдум өткізіп, Конституциядан бұрынғы президент туралы бөлімдерді алып тастады. Осы айдың басында елбасыға айрықша құқықтар беретін "Тұңғыш президент – Елбасы туралы" заңның күші жойылды.

Бұл – заңмен қорғалып келген Назарбаевтың туыстары үшін жағымсыз жаңалық.

Бұрынғы президенттер туралы заңға сәйкес, Назарбаев "мемлекетке сатқындық жасау" бабынан басқа бап бойынша жауапқа тартылмайды. Қазір ол өз сайтында (Elbasy.kz) ғана елбасы болып қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG